Солтүстікте еріктілер қатары артып келеді

15 Сәуір 2020, 13:27
2235
Бөлісу:
Солтүстікте еріктілер қатары артып келеді

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда Қазақстан Халқы Ассамблеясының жанынан құрылған штаб құрамындағы еріктілер қатары артып келеді. Бүгінде ұйымда 60 адам бар. Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері жастар 300 отбасына көмек көрсеткен.

Облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясында жұмыс істейтін 50-47-50 телефон желісіне күн сайын түрлі өтініштер түседі. Еріктілер оны қабылдап, мұқият жазып алып, мессенджердегі "Карантин Тайм" тобына жолдайды. Онда көмекке мұқтаж адамдарың өтініші, телефон номері, мекен-жай сынды ақпарат көрсетіледі.

Белсенді еріктілердің бірі Жабай Наскенов. Ол өзгелерге қиын сәтте қол ұшын беру – азаматтық парызы деп біледі. Сондықтан көп ойланбай штабқа келіп тіркелген.

Волонтерлық жолды таңдаған себебім – басқаларға көмектескенді жақсы көремін. Үлкендердің алғысына бөленесің. Бүгінгі күні әлемде індет таралып, көптеген адамдар қиындыққа тап болды. Әсіресе қариялардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұр. Олар сыртқа шығып, керек заттарын өздері сатып ала алмайды. Осындай жағдайда біз оларға қол ұшын береміз. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғанда барлық мекемелер қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Мен де солардың бірімін. Мұндай штаб туралы әлеуметтік желі арқылы білдім. Уақытымды зая кетіріп, үйде бос отырғанды жөн көрмпей, бірден штабқа тіркелдім. Қазіргі күніне 7-8 зейнеткерге барып, түрлі көмек көрсетемін, - дейді Жабай Наскенов.

Ғабит Мүсірепов көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын Валентина Кравченкоға азық-түлік қажет болған. Мүмкіндігі шектеулі жан дүкенге біреудің көмегінсіз баруға қауқарсыз. Ол штабтағы еріктілерден екі рет көмек сұраған. Зейнеткер жастардың өзінің өтінішін жерге тастамайтынына риза.

Жастар көмекке жылдам жетеді. Әрдайым сапалы өнімдер әкеледі. Жұмыстарына көңілім толады. Олар келген сайын көңілім бір жадырап қалады. Жалғыз ұлым бар. Мен қаланың бір шетінде болсам, ол екінші шетінде тұрады. Қазір қоғамдық көліктер жұмысы тоқтағандықтан, маған жете алмай жүр. Ал еріктілерге хабарлассам, 30 минутта жетеді. Петропавлда мен сияқты қариялар көп, - дейді зейнеткер.

Волонтерлар штабында 60 адам қызмет етеді. 15 автокөлік бар. ҚХА облыстық филиалы оларды жұмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Өз көліктерін пайдаланатындарға жанармай беріледі. Азық-түлік дүкендерінде кезекте тұрып, уақыт жоғалтпау мақсатында арнайы куәлік берілген. Оларға басқа тұтынушылардан бұрын қызмет көрсетіледі. Ал волонтер куәлігі қалада еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Еріктілер тәулігіне 40 шақты үйге барып үлгереді.

 

 

Өзгелердің жаңалығы