Солтүстік Қазақстанда мектеп мұғалімдеріне қажеттілік шешімін тапты

2 Қазан 2019, 08:53
1915
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда мектеп мұғалімдеріне қажеттілік шешімін тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы  аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында белгілі болды.  

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 5 млрд теңгеге 125 білім ордасы күрделі жөндеуден өтті. Келер жылы бұл мақсатта тағы 3 млрд теңге бөлінеді. Атап өтетін болсақ, биыл жөндеуден өткен 125 білім нысанының 95-і ауылдарда орналасқан. Нәтижесінде 35 мың бала немесе өңірдегі оқушылардың жартысынан астамы жаңартылған мектепте білім алуда.

"Жалпы, білім беру саласын дамыту СҚО-ның үш жылға арналған кешенді бағдарламасына енген. Осы жоба аясында өңірдегі көптеген мәселе шешілмек. Мәселен, Петропавл қаласында үш ауысымды білім беруден арылту мақсатында 900 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ол 2021 жылы қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған. 63 мектепті 4 мың компьютермен қамту мақсатында биыл 563 млн теңге бөлінуі қажет еді. Алайда, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан әлі күнге бюджеттік өтінім қолдау тапқан жоқ", - делінген хабарламада.

Бүгінде облыс мектептеріндегі компьютерлердің жартысына жуығын ауыстыру керек. Биыл 4 аудан 135 техника алуға шамамен 25 млн теңге бөлген. 

Сонымен қатар «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» - «Серпін» бағдарламасы бойынша облысқа жастарды тарту бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Соңғы үш жылда жоғары білімді жастарды оқытуға мемлекеттің тапсырысы 233 тен 376-ға дейін, 61,4% артты.

"Биыл өңірде мектеп мұғалімдеріне деген қажеттілік толығымен жабылды. Тек ағымдағы жылы облысқа 676 ұстаз жұмыс істеуге келген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп", - делінген хабарламада. 



Өзгелердің жаңалығы