Түркістан облысының топырағында ғасырдан ғасырларға жалғасқан ұлы тарихтың куәсі болған 8 соғыс ардагері тұрады. Олардың ішінде майданға небәрі 18 жасында аттанған кентаулық Бадан Төребаев бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғасыр жасаған ақсақал Бадан Төребаев бүгінде Түркістан облысындағы жасы ең кіші соғыс ардагері. Оның шежірелі өмір жолы бүгінде көпке үлгі. Себебі небәрі 18 жасқа толар-толмас қан майданға аттанып, соғыстан кейін де еңбекке етене араласқан жандардың бірі. Ол 1926 жылы Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылында дүниеге келген. Ел басына төнген зұлмат кезеңде соғысқа аттанып, Украина мен Беларусь майданында әскери борышын өтеген. Нақтырақ айтар болсақ, 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, төрт айлық арнайы дайындықтан өткен соң жауынгерлік қызметін бастаған. Соғыстан кейін бейбіт өмірге оралып, туған жеріне қызмет етуге кіріскен. 1950 жылы соғыстан оралғаннан кейін Кентау қаласына ауысып, "Мырғалымсай" кенішінде қызмет етеді. Сол жерден зейнетке шығып, абыроймен еңбек жолын аяқтаған. Оқ пен оттың арасынан аман оралған ардагер жеңістің оңай жолмен келмегенін айтады.
Соғыс шығынсыз болмайды. Қаншама боздақтар қыршын кетті. Мен Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алдым. Сол күнгі қуанышты әлі күнге ұмытқан емеспін. "Берлинді алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Ерлігі үшін" орден-медальдарымен марапатталдым. Соғыс болмаса екен, жастар оны көрмесе екен деп тілеймін, – дейді соғыс ардагері Бадан Төребаев.
Бадан Төребаев бүгінде екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 19 немере, 23 шөбере сүйіп отыр. Бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешіп, 99 жасты алқымдап отырған ардагер Кентау қаласына қарасты Майдантал ауылының ақылшы абыз ақсақалына айналған.
Түркістан облысында қазіргі таңда Бадан Төребаевтан басқа тағы жеті ардагер бар. Әрқайсысының өмірі мен ерлігі ерекше. Олар бейбітшілік үшін күрескен, туған жерлеріне адал қызмет еткен ұлы тұлғалар.
Жетісай қаласында тұратын Папков Петр есімді майдангер биыл 100 жасқа толады. 1950 жылы тың игеру үшін Түркістан облысына қоныс аударған ардагер осы өңірде тұрақтап, үйленіп, отбасы құрып, тіршілігін осы жерде жалғастырған. Оның тағылымды өмірі, қайсарлығы мен ерлігі жерлестері үшін үлгі-өнеге.
Сайрам ауданында тұратын Ахмаджан Анартаев есімді ардагерге туған жеріне қызмет ету бақыты бұйырған. Ол 1949 жылдан бері өз ауылында еңбек етіп, зейнетке шыққанша қызмет еткен. Оның туған жеріне көрсеткен адал қызметі мен жас ұрпаққа үлгі боларлық еңбегі әлі де ел арасында айтылып жүр.
Ишхонов Эрмохан есімді ардагердің өмір жолы да ерекше. Ол 1945 жылы майданда жүріп, аяғынан ауыр жарақат алып елге оралады. Содан бері туған жерінде тынымсыз еңбек етіп, абыроймен зейнетке шыққан. Ал Созақ ауданында туған Жылысбаев Мырзахмет ардагердің тағдыры өнегеге толы. Соғыстан оралған соң ол оқуға түсіп, ағартушылық салада көп жылдар бойы қызмет етіп, зейнетке шыққанша ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосқан.
Ал Қазығұрт ауданында екі соғыс ардагері тұрады. Олар Жұмабаев Әкімбай мен Мырзахметов Анарбай. Екеуі де ауданның бетке ұстар ақсақалдарына айналған.
Ордабасылық ардагер Муратов Қалмен де 18 жасында әскер қатарына шақырылып, кейіннен соғысқа аттанған. Оның өмір жолы мен ерлігі бүгінгі ұрпаққа рухани күш, елге деген адалдықтың символы ретінде насихатталып келеді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген 3 305 адам бар. Оның ішінде, сегізі соғыс ардагері. Олар Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сарам, Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт аудандары мен Кентау қалаларында тұрады.
Сондай-ақ, биыл Түркістан облысының ардагерлеріне Жеңістің 80 жылдығына орай әкімдік тарапынан 5 млн теңге көлемінде біржолғы матеиалдық көмек беріледі екен. Ал екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға санаттары бойынша 50 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсету жоспарлануда.
Бүгінде соғыс ардагерлерінің өмір жолы – қайсарлық пен өжеттіліктің айқын көрінісі, ерліктің нағыз үлгісі. Олар қалдырған із – бейбіт заманның баға жетпес қазынасы. Әр ардагердің жүрек түкпірінде жазылған тарих – бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік мұра екені сөзсіз.