Соғыс құрбандары туралы деректерді іздеу жалғасады

Соғыс құрбандары туралы деректерді іздеу жалғасады
949

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен қазақ сарбаздарының жерленген жерлері туралы тың мәліметтер табылуда. 

Бұл игі іспен еріктілерден құралған «Atamnyn amanaty» республикалық қоғамдық бірлестігі айналысады. Оның жұмысы туралы бірлестіктің Ақмола облысындағы үйлестірушісі Жадыра Әубәкірова айтып берді.

Қоғамдық бірлестік қандай мақсатта құрылды?

–2019 жылдың мамыр айында құрылған «Atamnyn amanaty» республикалық қоғамдық бірлестігі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жерленгене орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жүргізу жұмыстарымен айналысады. Ресми деректерге сәйкес, сұм соғыста ұрыс даласында хат-хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің саны 271 мыңнан асады. Іздеу жасақтары жұмысының арқасында ұрыста қаза тапқан сарбаздарды жерлеу орындары табылуда. Осы уақыт ішінде қоғамдық бірлестік орталығына 5 мыңнан астам өтінім түсті. 1100 қазақстандың жауынгердің сүйегі жерленген орындары табылды. Тізім жаңартылып отырады.

Қазір қандай бағытта жұмыс жүргізіп жатырсыздар?

–Іздеу жасақтарының жұмысы – қоғамдық маңызы бар қызмет, ұйым жас ұрпақты бейбіт аспан үшін өмірін қиған сарбаздардың ерлігіне құрметпен және ризашылықпен қарауға үйретеді. Мұрағаттағы қажырлы жұмыс іздеу экспедицияларын сәтті өткізудің кілті болып табылады. Өйткені жергілікті жерде іздеу тәжірибесі мұрағаттық зерттеулерді жеңілдетеді. Соғыс жылдарының куәгерлері азайып бара жатыр, қайтыс болғандардың туыстарының өтініштері азаймайды.  Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде 2 млн-нан астам қазақстандық - соғыстан оралмаған сарбаздардың ұрпақтары өздерінің жақындары мен туыстарының тағдырын анықтауға тырысуда.

Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

–Ай сайын іздеу тобы туыстарына осы уақытқа дейін хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар мен офицерлер туралы ақпарат бере алады. Мыңдаған ұрпақ майдан тағдыры, соғыс жолы және батырларының жерленген жері туралы мәлімет ала алды. Сонымен қатар, өткен жылы бірлестік Ресей мен Украина аумағында табылған 9 сарбазға әскери құрмет көрсете отырып, Отанына жеткізуге және салтанатты түрде жерлеуге көмек көрсетті. 2020 жылдың қыркүйегінде Азыкен Нұғымановтың сүйегі елордаға жеткізілді. Бірлестіктің көмегімен қаза тапқан 120 сарбаздың отбасы олардың жерлеу орындарына бара алды. Мысалы, бізде немістер концлагерінде болған зеренділік жауынгердің фотосуреті бар. Құжаттар неміс тілінде толтырылған. Біз ақпаратты өз сайтымызға орналастырдық. Бірақ жақында белгілі ақын-жазушы Қорғанбек Аманжолов қоңырау шалды. Оның өзі Зеренді ауданының тумасы. Ол жарияланған фотокартадағы жауынгер өздерінің ағайыны екенін хабарлады.

Іздестіру шаралары қалай жүргізіледі?

Тізім бойынша жерлестерімізді тауып, олар туралы ақпаратты өзіміздің Instagram парақшамызға және басқа да әлеуметтік желілерге орналастырамыз. Іздеу жұмыстарына студенттер, еріктілерді тартуға тырысамыз. Мұрағаттармен жұмыс істейміз. Ресейлік «Пионер» ұйымы вебинарлар ұйымдастырып тұрады. Облыс әкімдігі, ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетеді. Біз жоғалған деп саналған екі солдаттың туыстарын таптық. Соғыс құрбандары туралы деректер іздеу жалғасады.

Бұл жобамен айналысуыңызға не түрткі болды?

–Оқушы кезімнен шежіреге әуес болдым. Ата-тегіміздің кім болғаны қатты қызықтыратын. Әулетіміз туралы деректер жинай бастадым. Бұл бастамамды ата-анам, барлық туыстар қолдады. Әулетімізден төрт ағайынды соғысқа аттанған. Оның сөзінше, қан майданнан Серғали мен Иманғали аман-есен оралып, отбасын құрды, туған ауылында еңбек етті. Үлкені Әубәкір туған ошағына қайтып оралмады, қабірін туыстары әлі күнге дейін іздеп келеді. Оның Ақмола облысында құрылған 106-шы қазақ кавалериялық дивизиясының құрамында соғысқаны ғана белгілі. Зеренді әскери комиссариатына келген қара қағазда 1944 жылы Киев түбіндегі шайқаста қаза тапқаны жазылған. Бұл туралы іздеуді бастаған кезде ғана білдім. Отбасымызда ол көптеген жылдар бойы хабар-ошарсыз кетті деп саналды. Харьков қаласындағы қазақстандықтардың «Birlik» ұлттық қоғамдық бірлестігіне жүгіндім. Олардың ақпараты бойынша, Әубәкірді 1943 жылы Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысқан 212-ші атты әскер полкіне жібереді. Біз оның қашан қайтыс болғанын, қабірінің қайда екенін нақты білмейміз. Бірақ оның артында тұяқ қалған. Өмірден өтерінде Иманғали атамыз Әубәкір мен оның балаларын табу керек екенін бірнеше рет аманаттаған. 2010 жылы жергілікті «Степной маяк» газетіндегі «Күт мені» айдары арқылы іздестіруді бастадым. Ұрпақтары бірден үн қатты. Жыл сайын 9 мамырда әулетіміз туған ауылымызда, қара шаңырақта жиналып, құран бағыштап, соғыстан оралмаған барлық жерлестерімізді еске алады. Қан майданда шейіт болған жерлестерімнің жерленген орындарын іздеуді өзіме парыз санадым. Бұл «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігіне келуіме түрткі болды.   

Осыншалықты ауқымды жұмыс жүргізуде қандай қиындықтар кездесті?

–Әдетте біз хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды туған жері мен майданға шақырылған жері туралы ақпараттан табамыз. Кейбір аймақтар біріктірілгендіктен, бұл да іздеу кезінде едәуір қиындық туығызады. Қайтыс болған сарбаздардың туыстарын іздеуде белгілі бір қиындықтар туындайды. Олардың көпшілігінің жеке істерінде фотосуреттер жоқ және аз ақпарат берілген немесе аты-жөнін жазуда қателіктер бар. Жұмыста бізге тарихшы-мұғалімдер, кітапханалар мен мұрағаттар қызметкерлері, студент жастар, жергілікті әкімдіктер мен ішкі саясат басқармасы жанындағы еріктілер көмектеседі. Десек те мұрағаттардың барлығы бірдей цифрландырылмаған. Аудандарда мәліметтер өте аз. Көп жерлерде 1985 жылдан бастап қана майдангерлерге фотокарта жасала бастаған.

Бірлестік бұдан бөлек немен айналысады?

–Бірлестік тарихи жадыны, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, өз отбасының, халықтың және елдің тарихын зерттеуге қызығушылықты дамытуға бағытталған танымдық жобаларды іске асыруда. Деректі фильмдер түсіру жоспарлануда. Биыл челлендж іске қосылды, оның аясында қазақстандықтар соғысқа қатысқан ата-бабалары туралы әңгімелер мен естеліктер айта алады. «Республикалық бірлестік хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің жалпы тізімін жасақтауда. 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы