Құрылтай депутаты Снежанна Имашева Қазақстан қоғамдық даму институтында өткен дөңгелек үстелде отбасы институтын сақтау үшін тек әлеуметтік көмекпен шектелмей, заман талабы мен ғылыми зерттеулерге сүйену керектігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, қазір жастар білім алуға көбірек уақыт бөліп, экономикалық дербестікке кеңірек қол жеткізуде және отбасын құруға асықпайды.
Цифрландыру үдерісі адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, тіпті ата-ана мен бала арасындағы байланысқа да айтарлықтай әсер етуде. Ерлі-зайыптылардың отбасындағы міндеттері, әке мен ананың рөлі және әр адамның отбасы алдындағы жауапкершілігі туралы түсініктер де өзгеріп келеді, - деді ол.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік отбасы саясаты бұрынғы қалыптасқан немесе «отбасы қандай болуы тиіс» деген үстірт түсініктерге ғана сүйенбеуі тиіс. Ол ғылыми зерттеулерге, демографиялық және әлеуметтанулық деректерге, тарихи тәжірибеге және қазіргі отбасыларда болып жатқан нақты үдерістерді түсінуге негізделуі қажет.
Бүгінде мемлекет отбасын қолдаудың түрлі тетіктерін қарастырып келеді. Дегенмен, әлеуметтік қолдау шаралары - мәселенің тек бір ғана қыры. Біз үшін отбасы институтының өзінде қандай өзгерістер болып жатқанын түсіну өте маңызды. Біз “Неліктен жастардың некеге деген көзқарасы өзгеруде?”, “Неліктен отбасын құру кейінге шегерілуде?”, “Ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас қалай өзгеруде?”, “Дәстүрлер қазіргі отбасында қалай орын алып жатыр?” деген мәселені көтеруіміз керек, - деді Құрылтай депутаты.
Еске салайық, бұған дейін депутат Қазақстанда жастар отбасын құруды неге кейінге қалдырып жүргеніне тоқталды.
Сондай-ақ, жыл сайын 126 мың неке тіркелетіні айтылды.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстанда қанша жұп шаңырақ көтерді?
Елімізде үйленетін жұптар некеге дейін арнаулы оқудан өте алады
«Некені ұзарту керек пе?»: Әділет министрлігі қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасады