«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда жыл басынан бері 74 648 неке тіркелгенін хабарлады. Үйлену тойларының көбі жаз мезгіліне болады. Осы уақытта 38 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Ең көп той болатын ай маусым айы болып шықты. Бұл айда 15 мыңнан астам неке тіркелді. Тамызда 11 761 жұп отбасылық мәртебесін өзгертсе, шілдеде 11 674 жұп отау құрды», - деді ведомстводағылар.
Өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастап тұр - 12 344 неке. Екінші орында - 9 074 некемен Астана, ал одан кейінгі орында 5 611 неке тіркелген Түркістан облысы тұр.
Мемлекеттік корпорация неке қиюға өтінішті тіркеу органында, электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болатынын еске салды.