Смайылов ЖЭО мәселесіне қатысты: Алдын ала болжау жүйесі істемейді

11 Сәуір 2023, 13:10
813
Бөлісу:
Смайылов ЖЭО мәселесіне қатысты: Алдын ала болжау жүйесі істемейді
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблемалардың бетін ашып берді. 

Мұның барлығы – әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгендігінің салдары. Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді. Үкіметтік комиссия құрылып, жергілікті жерге барып, жұмыс істеген жағдайлар да болды. Аталған мәселелер Үкіметте бірнеше рет қаралды, - деді Әлихан Смайылов.

Премьердің айтуынша, барлық әкімдіктер бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтіп жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеу керек.

Өткен жылыту маусымында авариялардың саны айтарлықтай өсті. Тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан, орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да көптеген инфрақұрылымдық ақаулар орын алды. Мұның барлығы тұрғындардың орынды наразылығына алып келді. Кейбір өңірлерде көмірмен қамтамасыз ету және оны уақытылы жеткізіп беру проблемаға айналды. Бұл – жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауы тиіс еді. Бізде алдын ала болжау жүйесінің жұмыс істемейтініне көз жеткіздік, - деді Смайылов.

Еске салсақ, бұған дейін Энергетика министрі электр станцияларына техникалық аудит жүргізу аяқталғанын, ЖЭО бойынша рейтинг жасалатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы