Смайылов: Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс қажет

25 Сәуір 2023, 10:48
1821
Бөлісу:
Смайылов: Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс қажет
Фото: aikyn.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Ол елді мекендердегі Интернет сапасы мен оның қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Өкінішке қарай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түсті. Олардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты, - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы елді мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар екенін айтып өтті.

Мұндай шағымдар, әсіресе Алматы мен Астанада көп. Мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ. Инспекцияның өзі жол бойындағы және елді мекендердегі интернет жылдамдығын өлшей алмайды. Бұл проблемаларды шешу керек. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан сапалы қызметті талап етуі орынды, - деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Смайылов соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60 пайызға дейін төмендеп кеткенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елімізде елді мекендердің 77 пайызы мобильді интернетке қосылғанын айтты. Сондай-ақ ол интернет үшін инвестиция салатындардың азайғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы