Смайылов: Қазақстан – шетелдік инвестицияларды тарту бойынша көшбасшы

28 Желтоқсан 2023, 23:26
433
Бөлісу:
Смайылов: Қазақстан – шетелдік инвестицияларды тарту бойынша көшбасшы
Фото: primeminister.kz

«24KZ» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды болып қала береді. Біздің еліміз Орталық Азия аймағындағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көшбасшы болып табылады. Былтыр ол 18%-ға өсіп, $28 млрд-қа жетті. Бұл Қазақстан үшін соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды, — деді ол.

Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта ел экономикасына $13,3 млрд тартылса, жыл соңына дейін шамамен $27 млрд болады деп күтілуде, бұл да – айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

Бұл көбінесе күрделі геосаяси шиеленіс жағдайында көптеген ықпалды ойыншылармен қарым-қатынасты дәйекті түрде нығайтып келе жатқан Президентіміздің сындарлы дипломатиясының арқасында мүмкін болды. Бұл – Қытай, Еуропа, Ресей, АҚШ, Түркия, араб әлемі және т.б. елдер, — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Үкімет инвестициялық белсенділік деңгейін сақтап тұру үшін қажетті шараларды қабылдауда. Атап айтқанда, жалпы құны 32 трлн теңгеден асатын 1000-ға жуық жобадан тұратын жалпыұлттық пул құрылды.

Біз оларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатырмыз, — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Үкіметте Инвестициялық штаб жұмыс істейді, оған таяуда ғана Президенттің тапсырмасымен арнайы өкілеттіктер берілді. Енді онда қабылданған шешімдер орындауға міндетті болып табылады.

Инвестицияларды тарту бойынша барлық деңгейдегі басшылардың тікелей жауапкершілігі күшейтілді. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды прокурорлық қолдаудың арқасында бюрократиялық кедергілер барынша азайтылды. Мұның барлығы инвестициялық жобалардың жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы