Смайылов Катар елшісімен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады

22 Желтоқсан 2023, 16:46
480
Бөлісу:
Смайылов Катар елшісімен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Катар Мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Әл-Румейхимен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет басшысы Катар Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. 30 жыл бұрын дипломатиялық байланыс орнатылған. Ал соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынастар орнықты дамып келеді, оған екі ел басшыларының белсенді байланыстары ықпал етті.

Әлихан Смайылов қазан айында Дохада өткен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Катар бірлескен комиссиясының 6-шы отырысының табысты болғанын атап өтті. Сонымен қатар отырыс аясында екі елдің 150-ден астам кәсіпкерінің қатысуымен бизнес форум ұйымдастырылды.

Аталған іс-шаралар біздің сауда-экономикалық байланыстарымыздың кеңеюіне айтарлықтай серпін береді. Айта кету керек, былтыр біздің экономикаға тартылған Катар инвестициясының көлемі үш есе өсті. Сондай-ақ 10 айда тауар айналымының көлемі шамамен үш есеге өсті. Десе де, сауда және инвестициялық әріптестікті арттыруға әлі де әлеует бар екені анық. Біз қолда бар мүмкіндіктерді кеңейтуге мүдделіміз. Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешенде бірқатар жобаларды бірлесіп жүзеге асыру перспективалары бар екенін ерекше ықыласпен атап өткім келеді, — деді Премьер-Министр.

Атап айтқанда, әңгіме Ақмола облысында бидай өңдеу зауытының құрылысы туралы болып отыр. Жоба құны шамамен — $200 млн. Қазіргі уақытта оның тұжырымдамасы мен серіктестік шарттары пысықталып жатыр.

Қазақстанда бизнесті дамытуға қолайлы барлық жағдай бар. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Әлихан Смайылов.

Абдулазиз бен Сұлтан Әл-Румейхи мырза Үкімет пен ел басшылығының жылы қабылдауы мен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Елші Катардың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға, бизнес жобаларды жүзеге асыруға және инвестициялық әріптестікті нығайтуға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы