Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес (ИАЖК) отырысында климаттық пакті бойынша міндеттемелерді қаржыландыру және «жасыл күн тәртібін» ілгерілетудегі Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын одан әрі нығайту мәселелері қаралды.
Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан алғашқылардың қатарында Париж келісімін ратификациялады және экономиканы декарбонизациялау жөніндегі елеулі мақсаттары туралы жариялады. ҚР Үкіметі заманауи талаптарға сай келетін дамудың жаңа бағыттарына қатысты негізгі құжаттарды дайындау бойынша едәуір жұмыс атқарып жатыр.
Ә. Смайылов 2021 жылы мемлекеттік экологиялық реттеу стандарттарын айқындайтын, жасыл инвестициялар тартуды ынталандыратын және халықаралық экологиялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін жаңа Экологиялық кодекс қабылданғанын атап өтті.
«Экологиялық таза энергия көздерін дамытуды ынталандыру үшін Баламалы энергетиканы дамыту бойынша жаңа заң әзірленіп жатыр. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы ESG және жасыл экономика қағидаттарын сақтауға негізделетін болады», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Осы мақсаттар үшін қазіргі таңда 2060 жылға қарай Көміртегі бейтараптылығы доктринасы әзірленуде, ол Қазақстан экономикасын дәйекті түрде трансформациялау жөніндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын айқындайды.
Қазақстан әлемде орын алып жатқан сын-тегеуріндерге қарамастан, өзінің жаһандық орнықты дамуға бейілділігін сақтап қалды және аталған бағыттағы жүйелі және дәйекті жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын.