Смайылов БҚО-ның өнеркәсіптік әлеуетін белсенді түрде дамытуды тапсырды

22 Сәуір 2022, 19:28
1552
Бөлісу:
Смайылов БҚО-ның өнеркәсіптік әлеуетін белсенді түрде дамытуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов облыстағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – Орал трансформатор зауытына барды, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Зауыт «Бизнестің жол картасы-2025» арқылы мемлекеттік қолдау аясында несиенің пайыздық мөлшерлемесіне 3 млрд теңгеге субсидия алды. Қазіргі уақытта кәсіпорын шығаратын күштік трансформаторлар ішкі нарыққа да, экспортқа да жіберіледі. 

Премьер-Министр кәсіпорынның жұмысымен танысып, отандық өнімдердің көрмесін аралады, сондай-ақ облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларымен әңгімелесті. Ол бүгінде машина жасау саласы жыл сайын орта есеппен 18%-ға өсім көрсететін ең қарқынды дамып келе жатқан сала екенін атап өтті. Елімізде 3 300-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 115 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 

Қосалқы бөлшектерден бастап заманауи техникаларды құрастыруға дейін көптеген өнім түрі шығарылады. 

«Дегенмен, салада импорттың үлесі экспорттан әлдеқайда жоғары. Олардың басым бөлігі – мұнай-газ машинасын жасау өнімі. Батыс өңірінің ерекшелігін ескерсек, бұл бағыттың әлеуеті зор, сондықтан әкімдік аталған саланы одан әрі дамытуы керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, өңірдегі машина жасаудың тағы бір перспективалы бағыты электр энергетикасы болуы тиіс. 

Смайылов БҚО-ның өнеркәсіптік әлеуетін белсенді түрде дамытуды тапсырды

«Электр энергиясын тұтынудың орташа жылдық көрсеткіші біртіндеп өсіп келеді, бұл энергетикалық жабдықты үнемі жаңартып отыруды және жаңғыртуды қажет етеді, сол себепті зауытыңыздың өнімдеріне сұраныс артпақ», — деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр Мемлекет басшысы отандық кәсіпорындар мен инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырғанын айтты. Осылайша, Үкімет елдің өнеркәсіптік дамуын ынталандырудың теңдессіз шараларын қабылдап жатыр: биылдың өзінде даму институттарына тиімді жобаларды несиелендіруге 400 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады. 2025 жылға дейін өңдеу салаларында шамамен 450 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 

Смайылов БҚО-ның өнеркәсіптік әлеуетін белсенді түрде дамытуды тапсырды

«Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 12 жобаға өтінім берілген. Бұл – облыс мүмкіндіктерінің толық қамтылмағанын көрсетеді. Өңірдің ерекшелігін ескерсек, мұнай-газ химиясын, тау-кен металлургия кешенін, құрылыс индустриясын, мұнай-газ машинасын жасауды дамыту саласында үлкен әлеует бар. Облыс басшылығы мен жергілікті бизнес белсенді түрде жұмыс істеп, жаңа өндірістер құрып, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтіп, сол арқылы жұмыс орындары мен жаңа өнім түрлерін шығаруды қамтамасыз етуі тиіс», — деді Үкімет басшысы.

 

Өзгелердің жаңалығы