Смайылов Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді

19 Мамыр 2023, 13:11
731
Бөлісу:
Смайылов Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу Алматыда болып жатқан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» 2-ші экономикалық форумының алаңында өтті.

Тараптар сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту, ауыл шаруашылығы мен су-энергетика саласындағы ынтымақтастық және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Қырғызстан арасында өзара сыйластық пен тату көршілікке негізделген сенімді қарым-қатынас дамып келе жатқанын атап өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 7,5%-ға өсіп, $1,1 млрд-тан асты. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр.

Жақын арада сауда айналымының көлемін $2 млрд-қа жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдануда. Бірлескен іс-қимылдар арқасында аталған мақсатқа қол жеткіземіз деп сенемін. Қазақстан Үкіметі екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған көпқырлы өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша белсенді диалогты жалғастыруға дайын, — деді Премьер-министр.

Өз кезегінде Ақылбек Жапаров елдер арасындағы екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелер өзара түсіністік, сенім және қолдау рухында талқыланып, шешімін тауып жатқанын атап өтті.

Бүгінгі кездесуіміз екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылауға және айқындауға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деді Ақылбек Жапаров.

Өзгелердің жаңалығы