Смартфонды ұзақ ұстаған бала цифрлық аутизм дертіне ұшырауы мүмкін: Сенатор мәселе көтерді

2 Ақпан 2023, 14:17
1389
Бөлісу:
Смартфонды ұзақ ұстаған бала цифрлық аутизм дертіне ұшырауы мүмкін: Сенатор мәселе көтерді
Фото: parlam.kz

Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ғалымдардың айтуынша, аутизм – «ХХ ғасырдың обасы». Ал цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті. Депутат қазіргі таңда бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да «цифрлық аутизм» белгілері байқала бастағанын атап өтті. Балалар смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр. Олардың өз бетінше ойлауы, ұзақ мәтіндерді қабылдауы, айналаға назар аударуы қиынға соғып отыр.

Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z-ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елестете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді, - деді сенатор. 

Депутат гаджетизация мен заманауи технологияға қарсы тұру да дұрыс емес деп отыр. Осыған байланысты мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитеттеріне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтып беруін ұсынды. Өскелең ұрпақтың денсаулығына бақылау жүргіузуге тікелей байланысты ұсыныстарын да ортаға салды.

Үкіметке жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беруді, Алматы қаласындағы А. Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4-ші мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салуды ұсынамыз. Сонымен қатар логопед және офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейткен маңызды, - деді Нұртөре Жүсіп.

Өзгелердің жаңалығы