Мемлекет басшысы елордада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында логистика жүйесіне Smart Cargo цифрлық платформасы енгізілгенін атап өтті.
Біртұтас байланыс қағидатына сай қызмет ететін бағдарлама арқылы негізгі көлік дәліздері цифрландырылады.
Қазақстанның мұнай-газ саласын цифрлық тұрғыдан трансформациялау айтарлықтай алға жылжыды. Көміртегін өндіру мен өңдеу нысандарының цифрлық көшірмесін құруға айрықша назар аударылып отыр. Сонымен қатар шикізат өндіруден бастап сатуға дейінгі барлық жеткізу тізбегін қамтитын мұнай мен мұнай өнімдерін кешенді бақылау жүйесі енгізілуде. Жабдықтардың істен шығуын болжау, өндірістік үдерістердің сенімділігін арттыру және кәсіпорындардың жұмысын оңтайландыру үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдер қолданылады. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы жасанды интеллект саласындағы инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге арналған сенімді алаң қызметін атқарады. Орталық FinTech Lab реттеу алаңдары арқылы ағылшын құқығының артықшылықтарын және әлемдегі ең үздік деректерді қорғау жүйелерінің бірін ұсынады. Түптеп келгенде, АХҚО ашық бизнес ережелерін, сенімді құқықтық қорғауды және деректер қауіпсіздігін сақтаудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді, – деді Президент.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ынтымақтастықтың анағұрлым перспективті бағыттарына тоқталды.
Президент аса маңызды материалдар саласында ашықтық пен технологиялық экожүйе қалыптастыруды басым міндет ретінде атады.
Аса маңызды пайдалы қазбалар жаңа индустриалдық дәуірдің негізгі стратегиялық ресурсы саналады. Жаһандық өзгерістерге жауап ретінде Қазақстан жетекші әлемдік компаниялармен ынтымақтастыққа өте қолайлы жағдай жасай отырып, өзінің нормативтік-құқықтық базасы мен саланы қадағалау тетіктерін үнемі жетілдіріп келеді. Біз Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қостық. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін лицензиялауға және бақылауға қатысты 22 мемлекеттік қызметті автоматтандырды. Бұрын тек қағаз және магниттік форматтарда ғана болған 4,7 миллионнан астам архивтік геология құжаттары мен материалдары бірыңғай ұлттық цифрлық қорға көшірілді. Бұдан бөлек, біз тарихи геологиялық деректерді заманауи, машина оқи алатын форматқа түрлендіруді жеделдету үшін жасанды интеллектіні қолдана бастадық. Астанада Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын ашу бастамасы аясында халықаралық инвесторларға жоғары дәлдікпен геологиялық деректер ұсынатын бірыңғай орталық құрылады, – деді Мемлекет басшысы.