Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін теріскейге ат басын бұрған медициналық жоғары оқу орындарының түлектеріне 1,5 миллион теңгеден төленген болатын. Осының арқасында соңғы 3 жылда өңірге 262 жас маман келді.
Біздің өңір үшін өзекті мәселелердің бірі - дәрігерлердің жетіспеушілігі. Биыл облыстық бюджет есебінен резидентурада білім алған 24 маман келеді. Басқа да келемін деушілерге есік ашық, қуана қарсы аламыз және оларға барлық жағдайды жасаймыз. Көтермеақыны 2,5 миллион теңге көлемінде белгілеуіміз де осы кадр тапшылығын жою үшін, - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Биыл Солтүстік Қазақстан облысында медицина саласын дамытуға бюджеттен 12 миллиард теңге бөлінді. Сәуір айында олыстық онкоорталыққа МРТ аппараты орнатылады. Бұл өңірдегі кезекті 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, №1 қалалық емханаға цифрлық мамограф пен қалалық көпбейінді аурухана мен облыстық балалар ауруханасына 2 компьютерлік тамограф қондырғысы жеткізіледі.
Солтүстік Қазақстанда басқа облыстарда жоқ халықаралық JCI стандарттарына сай аурухана салынып жатыр. Онда барлық заманауи медициналық қондырғылар орнатылады. Бұл біздің өңір тұрғындарының басқа қалаларға, мемлекеттерге бармай-ақ ем қабылдауына мүмкіндік береді. Керісінше, басқа аймақтардың тұрғындары Петропавлға келетін болады. Бұл бір жағынан медициналық туризмді дамыту, - деді Құмар Ақсақалов.Сондай-ақ, биыл Петропавлда жаңадан бой көтерген «Береке» және «Жас өркен» ықшам аудандарында да жаңа емхана құрылысы басталады.
Жалпы, медицина саласына құйылған қаржының арқасында соңғы 3 жылда облыста онкологиялық аурулардан қайтыс болғандар 13, ал жүрек-қан тамыры ауруларынан 10 пайызға азайды. Балалар өлімі де 13 пайызға кеміген.