СҚО-да «Туған жер» жобасын жүзеге асыру үшін 261 млн теңге жұмсалады

12 Наурыз 2021, 10:35
1543
Бөлісу:
СҚО-да «Туған жер» жобасын жүзеге асыру үшін 261 млн теңге жұмсалады

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі күні бұл жоспарды орындау үшін 86 меморандум жасалды. Биылғы қаңтар-ақпан айларында 28 жоба іске асып, 73,6 миллион теңге жұмсалды. 

Атқарылатын жұмыстарды нақтылайтын болсақ, қайырымдылық бойынша 18 жобаны іске асыруға - 145 млн, ауылды жерлерді абаттандырудың 4 жобасына - 11,6 млн, Мәдениет саласындағы 7 жобаға - 31 млн, білім беру саласныдағы 3 жобаға - 6,8 млн, спорт бойынша 2 жобаға – 2,14 млн, инфрақұрылымды дамытуға арналған 51 бастамаға – 64,264 млн және ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған 1 жоба бар, бәрін қосқанда – 260 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады, - деді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және Индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Медет Оспанов. 

Былтыр өңірде «Туған жер» жобасы бойынша 456 жоба іске асқан болатын. Оған жергілікті кәсіпкерлер 1,4 миллиард теңге жұмсады. Бұл бағдарлама туған жеріне қызмет етіп, елінің дамуына сүбелі үлес қосқысы келетін азаматтарға таптырмас бастама. Өйткені мәрттік танытып, ұшқан ұясы мектебіне, аурухана, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіп, кейбірі жаңадан спорттық кешендер салып, ауылдың гүлденуіне үлес қосуда. 

Мысалға алар болсақ, былтыр Біржан Шаймерденов туған ауылына апаратын жол салды. Бұл мақсат серіктестік есебінен 162 млн теңге жұмсады. Ғабит Мүсірепов ауданында 57 млн теңгеге стадион салынды, Жамбыл ауданында кәсіпкер ауыл мектебіне 18 млн теңгеге биоотынмен жанатын жылыту қазандығын салып берді, - деді Медет Оспанов. 

Жыл қорытындысы бойынша жомарт жандар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқаны үшін «Жомарт жүрек», «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Ерен еріктілік», «Жылдың үздік ұйымы» номинациялары бойынша марапатталды. Өміршең жоба өңірде биыл да жалғасын таппақ.


Өзгелердің жаңалығы