СҚО-да полицияның 2 стационарлық бекеті қолданысқа берілді

25 Желтоқсан 2020, 14:43
1760
Бөлісу:
СҚО-да полицияның 2 стационарлық бекеті қолданысқа берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. СҚО-да Жаңа жыл қарсаңында полицияның заманауи екі стационарлық бекеті ашылды, деп хабарлады Polisia.kz. 

Биыл полицияның кешенді күштерінің соңғы гарнизондық таратуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевпен бірге қызметтік автокөлікті аралап, облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтауға түсетін жеке құрамға сәттілік тіледі. 

Биыл бәріміз үшін оңайға соқпады, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау кезінде ерекшеленген ішкі істер органдарының қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Коронавирустық инфекциямен күрес кезінде полицейлер алдыңғы шепте тұрып, тәулік бойы қызмет атқарды, – деп атап өтті өңір басшысы. 

Ішкі істер органдарында мінсіз қызмет атқарғаны, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және жеке тәртібі үшін бірнеше полиция қызметкері марапатталды. Полицейлер облыс әкіміне Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан модульдік үлгідегі стационарлық бекетті көрсетті. Шыныдан жасалған аралық қабырға мен витражды терезе полиция жұмысын ашық та айқындай түседі. Мұнда патрульдік, ювеналдық полиция қызметкерлері мен учаскелік инспектор қызмет етеді. 

Жұмыстың сервистік моделіне көше отыра, біз құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттермен ғана шектелмейміз. Қолжетімділік, шұғыл, жедел әрекет ету, көмек көрсетудің кез келген мәселелері бойынша халықпен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай заманауи алаңдар «халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс істеудің іргетасы болып табылады, – деді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

Стационарлық бекеттер іші мен сыртына тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Камералардағы бейнежазбаны Петропавл қаласы Полиция басқармасы Жедел басқару орталығы онлайн режимінде көре алады. Модульдің техникалық жабдықталуы барлық заманауи талаптарға сай жасалған. Бөлмеде компьютер, стационарлық телефон және дабыл тетігі орнатылған. Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкері мен учаскелік полиция инспекторының қолында бейнетіркегіштер мен планшеттер бар.




Өзгелердің жаңалығы