Скляр «ИННОПРОМ» өнеркәсіптік көрмесінде қазақстандық делегацияны басқарды

10 Шілде 2024, 18:28
271
Бөлісу:
Скляр «ИННОПРОМ» өнеркәсіптік көрмесінде қазақстандық делегацияны басқарды
Фото: primeminister.kz

Екатеринбург қаласында 2024 жылдың 8-10 шілде аралығында «ИННОПРОМ» XIV Халықаралық өнеркәсіп көрмесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға ЕАЭО, БАӘ, Сербия, Куба, Әзербайжан, Түрікменстан, Оман, Үндістан, Тайланд, Пәкістан Түркия, Венгрия және басқа да мемлекеттердің ресми делегациялары қатысты.

Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр басқарды. Оның құрамына орталық органдардың, өңірлердің, бизнес пен ұлттық компаниялардың өкілдері кірді.

Көрмеде ірі отандық металлургия және машина жасау компаниялары: Қазақмыс корпорациясы, Қарағанды құю-машина жасау зауыты (KLMZ), Railways Systems KZ, Alageum Electric және ВодЭкоФильтр таныстырылды.

Скляр «ИННОПРОМ» өнеркәсіптік көрмесінде қазақстандық делегацияны басқарды

Сондай-ақ іс-шара аясында өзара тиімді ынтымақтастық бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Мәселен, Қарағанды облысы әкімдігі мен бизнес өкілдерінің қатысуымен бірлескен жобалар құру, оның ішінде автономды электрмен қоректендіру батареяларын жобалау және өндіру, кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыру бойынша келісімдер жасалды.

Сонымен қатар Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі РФ Өнеркәсіп және сауда, БАӘ Сыртқы сауда министрлерімен, РФ Свердлов облысының губернаторымен, Башқұртстанның Премьер-Министрімен және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың («УралКран» ЖШҚ, «Еуразиялық механикалық зауыт» ЖШС, «СГМК-Металл» ЖШҚ) бірінші басшыларымен кездесулер өткізді.

Қазақстан делегациясы ЕАЭО және ТМД өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңестердің кезекті отырыстарына да қатысты, оның аясында ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі негізгі векторлары қамтылған орта мерзімді стратегиялық құжат қаралды.

Өзгелердің жаңалығы