Skills Enbek-те әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша онлайн дәрістер алуға болады

21 Қыркүйек 2023, 15:01
905
Бөлісу:
Skills Enbek-те әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша онлайн дәрістер алуға болады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Назарбаев университетінің Әлеуметтік даму қорымен Skills Enbek платформасында онлайн білім беруді дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, ынтымақтастық шеңберінде Skills Enbek-те Қор қызметі аясында іске асырылатын әлеуметтік жобалар мен әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларының ақпараттық материалдарын, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша онлайн дәрістер сериясын орналастыру жоспарланған.

Қор әлеуметтік инновацияларды қолдау, өзінің мақсатты аудиторияларына өтеусіз қаржылық, ақпараттық, әкімшілік және ұйымдастырушылық көмек көрсету үшін құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Skills Enbek платформасы өз кезегінде маркетплейс қағидаты бойынша курстарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін халықаралық оқыту алаңдарының қазақстандық аналогы болып табылады. Skills Enbek-те оқыту қазақстандықтарға өз біліктілігін арттыруға, одан әрі жұмысқа орналасу үшін жаңа дағдыларды алуға мүмкіндік береді.

Пайдаланушылар үшін дағдыларды игеру туралы сертификат беру көзделген, сертификат барлық игерген дағдылармен қоса Электрондық еңбек биржасындағы (enbek.kz) түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Жұмыс беруші қызметкерлерді іздеген кезде өтініш берушінің түйіндемесіндегі сертификаттар мен дағдыларын көре алады.

Skills Enbek іске қосылғаннан бері әртүрлі бағыттар бойынша 232 курс орналастырылды, оның 133-і мүлдем тегін.

Жалпы, Қормен бірлесіп жұмыс істеу жаңа дағдыларды игеру үшін қазақстандықтарға қолжетімді курстар базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы