Әскерилер Тараз қаласын дезинфекциялауда

26 Наурыз 2020, 23:22
1673
Бөлісу:
Әскерилер Тараз қаласын дезинфекциялауда
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің қызметшілері Жамбыл облысы орталығындағы бірқатар қоғамдық орындарды залалсыздандырып жатыр. Дезинфекциялық, санитарлық жұмыстарға әр күн сайын Тараз гарнизонының екі жүз елуден астам әскери қызметшісі тартылуда.

Қолбасшылық мамандарының сөзіне қарағанда, әскери қызметшілер дезинфекциялық, санитарлық жұмыстар жүргізуі тиіс нысандардың тізімі алдын-ала әзірлегенген. Олардың қатарында "Mart" ойын-сауық және сауда орталығы, "Small" сауда орталығы, "Ауыл Береке", "Қайқармет" базарлары, Теміржол бекеті, "Әулиеата" халықаралық әуежайы, автобекет және өзге де маңызды қоғамдық орындары бар.

Біздің сарбаздарымыз шаһар тұрғындарының қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін барын салып жатыр. Олар залалсыздандыру шараларын «Рубеж» деген хлор ерітіндісін пайдаланып, бүрку мен суару әдістерімен жүргізу үстінде. Санитария мамандары бұл ерітіндінің вирусқа тосқауыл қоятындығын, тіпті тез арада жоятындығын айтады. Біздің территориямыздың әр шаршы метріне "Рубеж" ерітіндісінің 1,5-2 литрін себілуде. Сарбаздардың арнайы құтысын үнемі толтырып отыру үшін әр өңдеу учаскесіне автоматтандырылған "АРС-14" құю стансасы бөлінген. Ол күн сайын таңертеңгі уақытта қажетті мөлшердегі дезинфекциялық ерітіндімен қамтамасыз етіледі, - дейді әскери қызметшілерге жетекшілік жасап жүрген "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бастығы, майор Мұхтар Сатаев.

Жауапты маман жекелеген сақтық шараларын мұқият ұстану – әскери қызметшілерге қойылып отырған басты талаптардың бірі екенін де жеткізді. Сондықтан да залалсыздандыру жұмысында жүрген сарбаздар хлор ерітіндісіне төзімді, комбинезонға ұқсайтын жалпы әскери қорғаныш жабдықтарымен, қауіпсіздігі жоғары маскалармен қамтылған.

Өзіміз тұратын қаланы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге тартылған әскерилердің жауынгерлік белсенділіктерін айрықша атап өткен жөн деп ойлаймын. Олар облыс орталығын санитариялық шаралармен қамту бағытындағы тапсырманың жауапты екенін өте жақсы сезінеді. Тіпті, вирустың таралуына тосқауыл болу, алдын алу үшін тәулік бойы кезекшілікке де түсуге әзір. Алайда, бізді бұл жұмысымыздың үздіксіз жүруі үшін арнайы кесте жасағанбыз, сол тәртіптің негізінде залалсыздандыру шаралары жалғаса береді, - деп атап өтті майор М.Сатаев.

Өзгелердің жаңалығы