Әскери институттың курсанттары ант қабылдады

12 Қыркүйек 2020, 14:26
1835
Бөлісу:
Әскери институттың курсанттары ант қабылдады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 140-тан астам курсанты алғаш рет онлайн режимде Отан алдында адал болуға ант қабылдады.


Аталған форматтағы ант қабылдау рәсімі санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында ұйымдастырылған. Салтанатты шара әскери институттың ресми сайтында және инстаграм аккаунтында көрсетілді. Әскери өмірге жаңадан қадам басқан перзенттері үшін маңызды сәтті ата-аналары онлайн-көрсетілім арқылы тамашалады. 

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков әскери анттың әскери қызметшілер үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқтала келе, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.

АНТ2.jpeg
Әскери қызметшінің саяси-моральдық, жауынгерлік қасиеттері – әскери антқа адал болуы, ержүректігі мен қырағылығы. Ант қабылдаған кезде жауынгер батыл болуға ант береді. Батылдық, ерлік дегеніміз – жауынгердің ең қиын, қауіпті жағдайларда да өз өмірі үшін қорқыныш сезімін жеңіп, өз Отанын қорғау үшін ерлік жасауға барғаны, - деді әскери оқу мекемесінің басшысы.
Әскери институттың тізіміне қабылданғаннан кейін курсанттар бір ай бойы бастапқы әскери дайындықтан өтіп, ату, саптық және дене дайындығын жетілдірді, жалпыәскери жарғыларды меңгерді. Курсанттар алғашқы күннен-ақ әскери өмірге бейімделіп, сабаққа деген ерекше ықылас пен ынта-жігерлерін көрсете бастады.

АНТ1.jpeg
Бүгін біз үшін ерекше қуанышты және салтанатты күн! Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушы деген мәртебеге ие болдық. «Курсант» деген абыройлы атқа лайық, антыма адал болатыныма сенімдімін, - деді өз қуанышымен бөліскен 1 курс курсанты Жанәділ Қамбаров.
Ант қабылдаған сәттен бастап жас курсанттар ҚР Қарулы Күштерінің қатарына еніп, оларға Отан қорғау жауапкершілігі жүктеледі. Жас курсанттар Қазақстанның әр аймағынан және ТМД мемлекеттерінен білім алуға келген.

АНТ4.jpeg



Өзгелердің жаңалығы