Өскеменде отбасылық жанжалдың құрбаны болған әйелдерге көмек көрсетілді

17 Ақпан 2019, 09:17
1805
Бөлісу:
Өскеменде отбасылық жанжалдың құрбаны болған әйелдерге көмек көрсетілді

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша жедел алдын алу шарасы жүргізілді. Шара барысында қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері тіркеуде тұрған екі жүзге таяу үйді тексеріп, иелеріне қорғаныс нұсқамасын берді.

Қалалық Полиция басқармасы тұрмыстық қатынастары нашар, ішімдікке бейім отбасыларды алдын ала тіркеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түрлі шараларды жиі өткізеді. Соның бірі 12-16 ақпан аралығында жүргізілген «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасы болды.

Шара барысында қалалық Полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары мен бұқаралық ақпараттық құралдарының өкілдері қаладағы «Үлбі» дағдарыс орталығына барып қайтты. Аталмыш орталықта тұрып жатқан әйелдердің бірі отбасылық жанжалдың құрбаны болса, енді бірі тұрмыс күйзелісіне ұшыраған жандар. Орталық мамандары мұнда келушілердің барлығына да әлеуметтік жағдай жасаумен қатар, психологиялық көмек көрсетеді.

«Отбасында зорлық-зомбылық көрген кез келген әйел алдымен бізге хабарласып, осы орталықтың көмегіне жүгіне алады. Орталық келушілердің барлығын қабылдайды. Біздің мақсатымыз – күйзеліске ұшыраған әйел азаматшалардың жағдайын анықтап, қолдан келгенше олардың қоғамдағы өз орнын табуға жәрдемдесу», - деді Өскемен қалалық Полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Зарина Тоқаева.

Жалпы, жедел алдын алу шарасы барысында тіркеуде тұрған 193 отбасы тексеріліп, үй иелеріне қорғаныс нұсқамасы беріліп, ескерту жасалды.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: шартты

Өзгелердің жаңалығы