Өскеменде латын графикасындағы жаңа әліпбиге байланысты семинар-тренинг өтті

17 Сәуір 2019, 21:06
2780
Бөлісу:
Өскеменде латын графикасындағы жаңа әліпбиге байланысты семинар-тренинг өтті
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығына орай жаңа әліпбиді қолданудың практикалық дағдысын қалыптастыру мақсатында облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма «Латын графикасындағы жаңа әліпбидің емілесі мен ережелері: құрылымы, жаңалығы» атты семинар-тренинг ұйымдастырды.

«Ұлттық рухымыздың жандануына ерекше тыныс берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына да биыл екі жыл толып отыр. Осы бағдарламаның аясында Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары бастау алды. Латыннегізді жаңа әліпби бекітіліп, Ұлттық комиссия жаңа әліпбидің емле ережесін мақұлдады. Емле ережесі жан-жақты талқыланып, жаңа бейнедегі коммуникацияның құралы болуға дайын деп айтуымызға болады. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2019 жылдың наурыз айынан бастап халыққа жаңа әліпбиді меңгерту бағытында тренерлерді дайындау жұмыстарын бастады. Жыл көлемінде 72 сағаттық курстан облыстағы тіл оқыту орталықтарының 14 оқтушысы өтеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті сәуір айынан бастап өңірлерде екі күндік семинар-сабақ өткізуді бастады. Аталған шара біздің облысымызда мамыр айында ұйымдастырылады. Осы шара аясында 60 оқытушы жаңа әліпбиді меңгертудің екі күндік курсынан өтеді», - деді облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

Өскеменде латын графикасындағы жаңа әліпбиге байланысты семинар-тренинг өтті


Облыстағы тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері қатысқан семинар-тренинг барысында Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырлған 72 сағаттық қайта даярлау курсынан өтіп, тренерлік сертификат алып келген ШҚ лингвистикалық орталығының оқытушысы Ләйлә Әбілмажинова «Шетелдік сөздердің орфографиясы мен орфоэпиясы» тақырыбында тренинг өткізсе, осы орталықтың әдіскері Арай Мурсалимова қатысушыларға жаңа еміле ережелері негізінде жазылым, оқылым дағдыларын қалыптастырудың тиімді жолдарына тоқталды.

«Елордада өткен курстан көп нәрсені үйреніп қайттым. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тіл мамандарына арнап 50 данамен жаңа еміленің оқу-әдістемелік құралын шығарыпты. Осы оқулық арқылы жаңа емілелерге байланысты 9 тараудан тұратын түсіндірме ақпараттармен таныстық. Диктант жазып, жылдамдыққа мәтін оқып шыңдалдық. Бұл алған білімім мен тәжірибемді жерлестеріммен бөліскеніме қуаныштымын», – деді Ләйлә Әбілмажинова.

Шараға қатысқан мемлекеттік тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлерін екі топқа бөлініп, жаңа еміле ережесіне сәйкес әр түрлі тапсырмалар орындады.

Сонымен қатар қатысушылар ШҚ лингвистикалық орталығы инновациялық технологияны енгізу мақсатында оқыту процесіне қолданып жүрген SMART тақтаның ерекшелігімен танысып, онымен жұмыс жасауға машықтанды.

Өзгелердің жаңалығы