«Сізден басқаның бәрі кінәлі»: Бектенов Алматы облысының әкімін сынға алды

Үкімет отырысында Алматы облысындағы ұлттық жобалардың орындалуы қызу талқыланды. Премьер-министр әкімнің есебіне қатаң сын айтты.

 ©BAQ.KZ коллажы 28 Шілде 2026, 11:24
28 Шілде 2026, 11:24
149
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы ұлттық жобаны іске асыру кезінде қаржыландыруға қажетті рәсімдерді созып жіберген өңірлер бар екенін айтты.

Ұлттық жоба республикалық бюджеттен қаражат бөлінбей жүзеге асырылып жатқанына назар аударамын. Осыған байланысты жобада көзделген ұзақ мерзімді әрі арзан қаржы көздерін белсенді пайдалану қажет. Жалпы, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, Атырау, Жетісу, Қарағанды және Павлодар облыстарын атап өтуге болады. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны жеткіліксіз өңірлер де бар, – дейді Олжас Бектенов.

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысында ұлттық жоба аясында жалпы құны 62,9 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты.

Оның ішінде жалпы құны 4 млрд теңгеге жететін төрт жобаны жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Қалған жобалар «АЖК» акционерлік қоғамының құзыретінде. Электрмен жабдықтау бағыты бойынша жалпы құны 58,9 млрд теңге болатын алты жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 44 млрд теңгесі биылға тиесілі. «АЖК» акционерлік қоғамының мәліметінше, 17 шілдеде конкурстық рәсімдер басталды. Оның қорытындысы 25 қыркүйекке дейін шығарылады. Жергілікті атқарушы орган тарапынан төрт жобаны жүзеге асыру көзделген. Жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 2 млрд теңге болатын екі жоба қарастырылған. Мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Яғни жоспардың 50%-ы орындалды, – дейді облыс әкімі.

Оның айтуынша, жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады.

Сумен жабдықтау және су бұру саласында жалпы құны 2 млрд теңге болатын екі жобаны іске асыру көзделген. Аталған жобалар бойынша конкурстық рәсімдер биылғы 5 маусымда басталды. Алайда прокуратура органдарының ұсынуы негізінде 14 маусымда конкурстардың қорытындысы жойылды. Осыған байланысты жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің тізімінде бұл екі жоба қаржыландырылуы тоқтатылуға жататын басым емес жобалардың қатарына хаттамалық түрде енгізілген. Соған қарамастан конкурс қайта жарияланып, оның қорытындысы 25 тамызға дейін шығарылады, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Облыс әкімі жұмыстардың биылғы жылдың соңына дейін аяқталатынын айтты.

Құрметті Олжас Абайұлы, осыған байланысты аталған нысандарды қаржыландырылуы тоқтатылуға жататын басым емес жобалар тізімінен шығару жөнінде хаттамалық тапсырма беруді сұраймын. Сонымен қатар 2027 жылы жалпы құны 23 млрд теңге болатын 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ЭКСЖ платформасында операторлармен келісу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Жалпы, барлық келісімшарттың жасалуы жақын арада қамтамасыз етіледі. Жұмыстар жоспарға сәйкес аяқталады. Ұлттық жоба іс-шараларының орындалуы Алматы облысы әкімдігінің ерекше бақылауында, – дейді ол.

Бұған Премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді.

Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі. Жұмысты тездетіңіздер, – деді Үкімет басшысы.

Бүгінгі Үкімет отырысында белгілі болғандай, Қазақстанда 1,9 мың шақырым су және кәріз желісі жаңғыртылады. Елде коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту басталды. Жоба аясында мыңдаған шақырым желі ауыстырылып, Smart Turmys платформасы іске қосылады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх