Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жуырда Бірлескен Қазақстан-Ресей демаркациялық комиссиясының жүз жиырма үшінші отырысын өткізген.
7-11 қарашада Мәскеу қаласында Бірлескен Қазақстан-Ресей демаркациялық комиссиясының жүз жиырма үшінші отырысы өтті. Тараптар демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын дайындау бойынша жұмысты жалғастырды. Мемлекеттік шекара сызығын оның жекелеген учаскелерінде белгілеуге байланысты мәселелерді талқылады, сондай-ақ 2023 жылға арналған далалық демаркациялық жұмыстардың жоспарын бекітті, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Сонымен қатар ол комиссияның келесі отырысы қашан өтетінін айтты.
Комиссияның келесі отырысы биыл желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағында өтеді, - деді Айбек Смадияров.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны шегендеуді аяқтау үшін 2-3 жыл керектігі туралы айтқан болатын. Министр екі ел шекарасының 30%-ы белгіленбегенін жеткізді.