СІМ: Қазақстан-Ресей шекарасы 2-3 жылда толықтай шегенделеді

20 Қазан 2022, 12:44
2060
Бөлісу:
СІМ: Қазақстан-Ресей шекарасы 2-3 жылда толықтай шегенделеді

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министр екі ел шекарасының 30%-ы белгіленбегенін айтты. Белгілі болғандай, шекараны шегендеуге 2-3 жыл уақыт керек. 

Қазақстан мен Ресей шекарасы 7,5 мың шақырымнан асатыны белгілі. Оның 70%-ы демаркацияланған, яғни шегендеуден өткен. Ал қалған 30%-ы таулы аймақта жатыр. Оған тағы 2-3 жылдай уақыт керек. Әрине, екі жақтан межелеу процесі баяғыда бітті. Шекараның қай жерден өтетінін нақты білеміз. Тек шегендеу процесі қалды, - деді Мұхтар Тілеуберді Сенаттың кулуарында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар ол Каспий теңізіне қатысты шегендеу мәселесі бар деп отыр. 

Еске сала кетейік, бүгін Сенатта Қазақстан-Түрікменстан арасындағы шекараға қатысты заң жобасын қабылданды. Жаңа заң 2021 жылғы 25 қазанда Ашхабад қаласында қол қойылған Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекара сызықтарының өтуін айқындау және балық аулау аймақтарын бөлу туралы шартты ратификациялауды мақсат тұтып отыр. 

Өзгелердің жаңалығы