Сенат Қазақстан-Түрікменстан арасындағы шекараға қатысты заң жобасын қабылдады

20 Қазан 2022, 10:25
1172
Бөлісу:
Сенат Қазақстан-Түрікменстан арасындағы шекараға қатысты заң жобасын қабылдады

Бүгін Сенаттың отырысында «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.


Заң жобасының негізгі мақсаты – 2021 жылғы 25 қазанда Ашхабад қаласында қол қойылған Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекара сызықтарының өтуін айқындау және балық аулау аймақтарын бөлу туралы шартты ратификациялау.

Осы Шартпен Тараптар Каспий теңізінде олардың аумақтық суларын шектейтін екі ел арасындағы мемлекеттік шекара сызығының және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу сызығының өтуін айқындады. Бөлу сызықтары орта сызық қағидаты – қазіргі халықаралық теңіз құқығында қарама-қарсы немесе шектес жағалаулары бар мемлекеттер арасындағы теңіз кеңістігін бөлу үшін қолданылатын жалпыға бірдей танылған әдіс бойынша салынған, - деп атап өтті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Заң жер қойнауын пайдалануға және су биологиялық ресурстарын аулауға егеменді құқықтарды іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Каспий теңізінің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан маңызға ие.

Шартты ратификациялаудан күтілетін нәтиже екі елдің мемлекеттік шекарасында өзара құрмет, сенім, тең құқық, достық және ынтымақтастық рухында  шекаралық мәселелерді реттеу бойынша тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы