Сианьнан Алматыға дейін. Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын хаб

16 Қазан 2023, 09:18
526
Бөлісу:
Сианьнан Алматыға дейін. Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын хаб
Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА - архив

Осыдан 10 жыл бұрын Астанада ҚХР басшысы Си Цзиньпин Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құруды ұсынған болатын. 10 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы «Бір белдеу, бір жол» құрылысы бірлесе жүргізіліп, өз нәтижесін беріп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа «Жібек жолы» аясында экономикалық дәліздер құру бастамасын Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Астанадағы Назарбаев университетінде жариялады. Ол құрлық және теңіз сауда жолдарын бүкіл әлемге, атап айтқанда, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Африкаға, Таяу Шығысқа және Еуропаға тауарларды тиімді және арзан жеткізу үшін біріктіруді ұсынды.

Осы жылдар ішінде бүкіл әлем бойынша 150-ден астам ел бастамаға қосылды.

«Жібек жолы» құрлықтық экономикалық белдеуінің негізгі нүктелері Сиань, Алматы, Бішкек, Самарқанд, Тегеран, Ыстамбұл, Мәскеу және Дуйсбург. ХХІ ғасырдағы Теңіз «Жібек жолының» негізгі порттары Ханой, Джакарта, Куала-Лумпур, Калькутта, Найроби, Афина және Венеция болды.

Сианьнан Алматыға дейін

Қытайдың Шэньси провинциясының орталығы - Сиань қаласы «Бір белдеу, бір жолдың» логистикалық, инновациялық және әлем сауда коммуникацияларының орталығы.

2013 жылы Сианьда Қытай-Еуропа бағыты бойынша халықаралық жүк теміржол қатынасы ашылды. Оның негізгі жүк логистикалық хабы Сиань халықаралық портының теміржол вокзалы болды.

Сиань қаласының халықаралық порт бизнесі аймағы ұлттық деңгейдегі мультимодальды тасымалдаудың үлгілі базасы. Мұнда шамамен 373 гектар аумақта әртүрлі бағытта жүретін контейнерлік пойыздар жиналады. Станция Қазақстанмен, Түрікменстанмен, Ресеймен, Германиямен, Вьетнаммен және Лаоспен тұрақты жүк рейстерімен байланысты.

2022 жылы Сианьнан Қытай-Еуропа пойызы бойынша 4 639 құрам жөнелтілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20,8%-ға артық және 4,12 млн тоннаға жуық жүк тасымалданды.

Ал былтыр Сианнан Орталық Азия елдеріне 4 250 рейс жасалды. Нәтижесінде 2022 жылы рейстер саны, жүк көлемі және ауыр контейнерлер айналымы сияқты көрсеткіштер бойынша «Қытай-Еуропа» теміржол маршруттары бойынша жүк тасымалдауды жүзеге асыратын Қытай қалалары арасында бірінші орынды иеленді.

Биылдың бірінші тоқсанында Сианьнан Еуропаға 1 103 құрам кетті, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,6%-ға көп. Ал қазір осы халықаралық құрғақ порттың теміржол әкімшілігі қолданыстағы платформа негізінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде мультимодальды тасымалдаудың ірі торабын қалыптастыру үшін тасымалдаушыларды белсенді түрде тартып жатыр.

Осы жобаға қатысушылардың қатарына ағымдағы жылдың наурыз айында осы халықаралық сауда-логистикалық тораптың Әкімшілігімен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған «ҚТЖ Экспресс» АҚ қазақстандық кәсіпорны да кіреді.

Сианьдағы Қазақстанның логистикалық орталығы

Мемлекет басшысы биыл мамыр айында Қытайға жасаған ресми іссапарында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысқан болатын.

Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды. Осы шараларды жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бір бөлігі деуге болады. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында теміржол саласындағы әлеуметімізді арттыру керегін айтқан еді.

Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін теміржол желісі де бар. «Бақты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі, - деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ, еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз.

Қазақстан-Қытай: Теміржол жүк тасымалынан рекорд орнатты

ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліментінше, 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының көлемі былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ке ұлғайып, 2,4 млн тоннаға жетті.

Тасымал өсімінің негізгі драйвері экспорттық жүктерді тиеу болды. ҚХР-ға экспорт 57%, яғни 1,2 млн тоннаға дейін өсті. Атап айтқанда, астық жүктері экспорты 125% артты. Қыркүйек айында импорт 13% өсті.

Жалпы, 2023 жылдың 9 айында елдер арасындағы жүк тасымалының жалпы көлемі 22%-ға өсіп, 21,1 млн тоннаны құрады. Оның ішінде Алтынкөл-Қорғас темір жол өткелі арқылы 9,2 млн тонна тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 28%-ға жоғары. ҚХР-дан жүкті қабылдау 10%-ке, 8,3 млн тоннаға дейін, тапсыру 31%-ға, 12,8 млн тоннаға дейін өсті.

Өзгелердің жаңалығы