Шынымен игеріп, жұмыс істегің келетін мамандықты таңдау керек

16 Қыркүйек 2023, 20:41
1238
Бөлісу:
Шынымен игеріп, жұмыс істегің келетін мамандықты таңдау керек
Фото: Кейіпкер архивінен

Еңбекқорлығымен көпшілікке үлгі бола білген жас мамандардың бірі – Нұрқасым Байшуақов Бұланды ауданындағы Макинск жылу оқшаулау зауытында еңбек етіп жүр.

Өндірісте еңбекқорлығы, тиянақтылығымен көзге түскен ол «Еңбек жолы» республикалық байқауында «Өндірістегі үздік жас маман» аталымы бойынша 3 орынды иеленгені белгілі. Жас маман өз қызметі, осы уақыт ішінде жеткен жетістіктері, мамандық таңдаудың қыр-сыры жайлы айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Өндіріске қалай келдің? Бұл өз таңдауың ба?

-Көкшетаудағы №1 құрылыс техникалық колледжінде құрылысшы мамандығы бойынша білім алдым. Әрине, өз қабілетіңе сай мамандық таңдау керек, әрі еңбек нарығындағы сұранысты да ескеру қажет. Құрылысшы мамандығы барлық жерде сұранысқа ие деп ойлаймын. Макинск жылу оқшаулау зауытына 2019 жылы жабдықтардың конвейерлік желісіне оператор болып жұмысқа орналастым. Кейін ауысым мастері болдым. Үш жыл жұмыс істегеннен кейін цех бастығы лауазымына жоғарыладым.

Шынымен игеріп, жұмыс істегің келетін мамандықты таңдау керек

Жұмыс барысында қиындықтар болды ма?

-Әрине, зауытқа алғаш келген сәтте жүрексіну болғанын жасырмаймын. Қандай жұмыстың болсын өз қиындығы болады ғой. Тәжірибе өткенімізде зауыт өндірісінің қаншалықты мықты екеніне көз жеткіздік. Бірақ тәуекелсіз ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Өндірісте қауіп-қатер көп. Қиын сәттер де болды. Әр іске жауапкершілік, шыдамдылық керек. Бір сәт те қателесуге болмайды. Жұмысымды жақсы көргендіктен, қызығы мен шыжығына шыдап келемін. Барлығы ұжымдық жұмыстың арқасында шешіледі.

Зауытта жас мамандарға қаншалықты көңіл бөлінеді?

–Зауытта жас мамандардың шеберлігін арттыру жақсы жолға қойылған. Тағылымдамадан өту барысында арнайы мамандар шақырылды, жалпы үйрену барысында есте қаларлық сәттер көп болды. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар ғой. Данияр Мұхаметжанов тәжірибелі оператор ретінде көп көмек көрсетті. Зауыттағы жұмыстың қыр-сырын меңгертіп, конвейерлік желілерді жабдықтауға үйретті. Кейін тәлімгерім Айдос Есболұлы ауысым мастері лауазымына ұсынды. Ол өзінің еңбек жолын жабдықтардың конвейерлік желісінің операторы болып бастаған екен.

Өнім өндіру технологиясына тоқталып өтсең...

-Өнідіріс толық автоматтандырылған. Шикізат алдымен бункерлерге тиеледі, онда өлшеу және мөлшерлеу жүреді. Содан кейін таспалы конвейер арқылы пешке түседі, онда балқытылады. Центрифуганың көмегімен балқытылған материал жұқа талшыққа айналады. Оны байланыстырғыш затпен кілемшелерге сіңдіреді. Содан кейін тиеу конвейерінде екі кілемше пайда болады. Ол кримпленгке түседі, кейін қысымның көмегімен полимерлеу камерасына түсіп, қатайтылып, плиталар жасалады. Өнімдер MakWool брендімен шығарылады. Дайын өнім Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия сияқты елдерге экспортталады. Өндірістің іске қосылуымен жаңа жұмыс орындары ашылды. Мұнда пайдаланылатын заманауи құрылыс материалдарын өндіру саласындағы ең жаңа еуропалық технологиялар өңірдегі өнеркәсіптің дамуына қуатты серпін береді.

Минералды мақтаның ерекшелігі неде?

-Зауыт жылу оқшаулағыш материал - минералды мақта шығарады. Базальт негізіндегі жылу оқшаулаудың бұл түрі ылғал мен отқа төзімділік сияқты жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Минералды жылу оқшаулағыш плиталар ғимараттар, жертөле, шатыр, еден, құбыр, сантехникалық және жылыту, сондай-ақ «сэндвич» типті құрылыс панельдеріне қолданылады. Өнім нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұл құрылыс секторының импортқа тәуелділігін төмендетуге және отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге қызмет етеді. Осы уақытқа дейін «сэндвичтер» жасау бойынша барлық қазақстандық кәсіпорындар Ресейден және басқа елдерден әкелінетін минералды плиталарды пайдаланып келгені белгілі. Яғни, жоба тек индустриалды ғана емес, сонымен қатар импортты алмастыруда. Елдің барлық құрылыс компаниялары энергияны үнемдейтін технологияларға көшуде.

Шынымен игеріп, жұмыс істегің келетін мамандықты таңдау керек

Жұмысшы маман ретінде қол жеткізген жетістіктерің жайлы айтып өтсең...

–Жұмысшы мамандығын танымал етуге бағытталған «Еңбек жолы» өңірлік байқауында Ақмола облысы бойынша бірінші орынды иелендім. Байқауға 153 үміткер қатысты. Кейін республикалық байқауда қалалар мен облыстар арасынан 3 орынды иелендім. Еңбегімнің бағаланғанына ризамын!

Жұмысшы мамандығы ел дамуына тікелей әсер ететін еңбек ресурсы екені белгілі. Еңбек адамы деп өзінің кәсібін жете түсінетін адам деп айтар едім. Адамға абырой-бедел еңбекпен келеді.

Болашаққа жоспарларың бар ма?

–Әлемде технология сәт сайын дамып келеді. Алда да заманға сай ілесу мақсатында өзімді дамытып, жаңа технологияларды меңгеруді мақсат етіп отырмын. Өз өңірімізге, бізге мүмкіндік беріп отырған зауытқа қажет екенімізді білеміз. Болашақта өз ісімнің нағыз маманына айналғым келеді.

Жастар жұмыссыздығы өткір мәселеге айналды. Оның себебі неде деп ойлайсың?

–Жастар жұмыссыздығы жыл санап артып келеді. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауларының бірінде «Пайдасыз мамандық жоқ, біліксіз мамандар бар. Ерте ме, кеш пе қажымай еңбек еткендердің бәрі өз ісінің нағыз маманы атанады. Нағыз кәсіпқойлар әрқашан сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударамыз. Ең бастысы, әркім өзіне жүктелген міндеттерді адал орындап, адал өмір сүруі керек», деген болатын. Еңбек бағалануымен құнды. Елімізде жастарды еңбекке тарту мәселесіне көп көңіл бөлініп жүр. Бұл қоғамдағы қордаланған мәселе. Бізде жұмыс жоқ емес, бар. Тек оған ынта керек. Мамандық алып, соған адам өзі әрекеттену керек. Президент осыны айтады. Қазір блогер, мобиллограф және басқа да көптеген жаңа кәсіптер пайда болды. Мамандық таңдағанда ойланып таңдау керек. Жастар әр кәсіптің өзінше жақсы-жаман тұстары бар екенін, оған құрметпен қарау керек екенін түсінуі керек. Әр адам шынымен игеріп, жұмыс істегісі келетін мамандықты таңдауы керек. Кез келген жұмыста көпшілікке үлгі боларлықтай маман болуға болады деп ойлаймын.

Мазмұнды әңгімеңе рахмет!

Өзгелердің жаңалығы