Шымырлықтарға жайылым жер қажет

26 Наурыз 2024, 17:51
711
Бөлісу:
Шымырлықтарға жайылым жер қажет
PHOTO
Фото: автордан

Жетісуда жер дауы бітер емес. Ашып айтқанда, Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылының тұрғындары малына өріс таппай отыр. Елді мекеннің іргесінің бәрі егістік. Қарапайым халық малын қайда жаярын білмей дал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Малды қораға ұстауға мәжбүр

​ Жетісуда игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару үдерісі жүріп жатыр, дегемнен ауыліргесіндегі жайылымдық жерлердің бәрі сатылып кеткен. Көбі жақын маңайға егін егіп, қоршап алған. Оған тіпті қыс, күз де де мал кіргізуге рұқсат бермейді. Оған бір мысал Шымырдағы жағдай. Талдықорған – Текелі бағытындағы жолды көлбей орналасқан шағын елді мекеннің негізгі тіршілігі – төрт түлік. Аядай ауылдың айналасының бәрі егістік, ертеден қамданған мықты кәсіпкерлер иемденіп алған. Ал қарапайым халық жылда осы мәселе шеңберінде әкімдікке арыз-шағымын қарша боратады. Бірақ, олардың да қолы қысқа. Жер иелерінің құжаты түгел, кезінде сатылып кеткен жерде игеріп отырған шаруадан заңсыз тартып ала алмайды.

​ Біз ауылға арнайы барып, мәселенің ішкі астарына үңілдік. Қоршауы көп елді мекеннің әр шаңырағында қой мен ірі қара тұр. Уақ малдың екі логистикалық нысанды кесіп өтіп, Қаратал өзенінің жағалауына жайылудан басқа амалы жоқ. Ал оған жетудің өзі азап. Неге десеңіз, өзен мен автожолдың қақ ортасына "Али Бастау Арна" ЖШС-нің тас уататын кәсіпорны орналасқан. Сол аймақтағы 15,4 гектар жер осы серіктестіктің құзырында. Заң талаптарына сай онда бөтеннің кіруіне тыйым салынған, арнайы қорғалады. Ауыл тұрғыны Ерік Байтұмаровтың айтуынша, бұл аумақ мал жаюға қолайсыз. Оның үстіне кәсіпорын табиғатты талқандап жатыр.

​Аталған кәсіпорын Қаратал өзенінің жылдар бойы ағып келген арнасын бұрып, суды далаға ағызуда. Оның белгілеп алған аумағына адамның аяғы баспайды. Өзеннің арнасын ауыл тұсынан Талдықорған қаласына дейін қазып бітті. Ең өкініштісі ғасырлар бойы қалптасқан өзен астындағы су сіңірмейтін қабатты бұзды. Бәрі әрине шикізат үшін, соның салдарына өзен бұрнағыдай Балқашқа жетпейді. Көлге жетем дегенше судың дені топыраққа сіңіп кетеді. Ертеде өзеннің ауыл жақ беті жап-жасыл жайлау еді, қазір сарғайып жатыр. Кәсіпорын талқанын шығарды. Жем-шөп қымбат болғанына қарамастан ауылдағылар малын қораға ұстап отыр,-  дейді Ерік Байтұмаров.

​ Ауыл халқының сөзіне сүйенсек, өндіріс орны топырақтың құнарлы қабатын сылып тастап, астындағы пайдалы тас пен құмды қазып алып жатыр. Үш ай қыста бір жерге таудай етіп жинайды да, күн жылысымен шикізат етеді. Ең ауыры, өзеннің ескі арнасы құрғап, кейбір тұсы шалшық суға айналған. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Шымырлықтарға жайылым жер қажет

​ Аталған мәселе бұған дейін де баспасөз бетінде көтерілген, әйтсе де мәселе түйіні шешілген жоқ. Жылда ауыл тұрғындары жиналып әкімдікке барғанымен, олар уәдені үйіп-төгіп беріп шығарып салады екен. Қазір уақытша тоқтап тұрған тас өндіретін кәсіпорынның толықтай жабылуын талап етуде. Ел ағаларын, зиялы қауым өкілдерін араға тартқанымен нәтиже жоқ. Ауыл ардагерлері Үкімет басшысына хат жазғанымен, іс әлі бітер емес.

​ Өзен арнасын бұру деген үлкен қателік. Қасиетті Қаратал бүйте беретін болса арыққа айналады. Жыл он екі ай ауыр техника үзілмейді. Өзен жағасындағы электр бағандары қыйсайып кетті, қатты дауылдан құлап та қалғалы тұр. Жақында Мемлекет басшысы өз Жолдауында су тапшылығын азайту үшін арнайы министрлік құрып, алдын алу шараларын жүктеді. Сол тапшылықты меніңше пайда ойлаған кәсіпкерлер қолдан жасап отыр. Ғасырлар бойы қалыптасқан арнаны бұзып, су ысырап болуда. Оған қоса ауылдан маңайында орналасқан ксіпорын кісіге ұйқы бермейді, даңғырлатады да жатады. Тас уату кезінде көтерілген шаң ауылдың ішін басып қалады. Бізді қойшы, немерелеріміздің денсаулығына алаңдаймыз,- дейді ардагерлер кеңесінің мүшесі, ақсақал Аманат Құсабаев.

Халық құрғақ уәдеге әбден тойған

Өткен жылы да осы мәселе көтеріліп, халық құзырлы органдарға шағымданған. Сөйтіп Жетісу облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына хат жазады. Мұнда іске жауапты мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мәселені біржақты етуді сұрайды. Соған сай облыстықмамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы тиісті жұмыстар жүргізген. Халықтың өтініші бойынша жауапты мекемелердің өкілдерінен жауап та алған.

​ Біз хатта жазылғандай іске қатысы бар әрбір мекеме мамандарып алып, халықпен ашық сұқбат құруға бардық. Осылайша жергілікті әкімдік,Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті облыстықсанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі "Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасыжиналды. Ауыл тұрғындарымен бірге "Али Бастау Арнаның" аумағынан тыс Қаратал өзенінің бойын аралап шықтық. Тұрғындардың тілегі тыңдалды, түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - дейді облыстықмамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Бекзат Ерұзақов.

​ Мемлекет қызметкерлері халықтың қойған талабына нақты жауап бере алмаған. Негізінде, нақты жауап бере алмайды да. Себебі шымырлықтар кәсіпорын жабылуы қажет деген сауалдан ары аттамай отыр. Мамандар ауыл жұртының келтірген деректеріне сүйене отырып, сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Шымырлықтарға жайылым жер қажет

​ Бұл ретте «Али Бастау Арна» ЖШС-нің жаңа басшысы Әділ Қалиев жанадан сатып алғанын жеткізді. Және мән-жайға толық қанық еместігін айтуда.

Кәсіпорынның бұрынғы басшылары Фархад Манликов және Қайрат Манликов кезінде мұндай дау барын білмедім. Ауыл тұрғындары талап-арызын атып бірнеше рет келіпті. Мен өніріс орнына келгелі, халық айтқандай өрескелділіктерге жол бермедім. Өзен арнасын бұрған жоқпыз. Тас пен құм да қазыпалмадық. Бұрынғы олқылықтарға жол беріп жатқан жоқпыз, - дейді Ә.Қалиев.

​ Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрынғы басшылық белден басып, өндіріс орнын сатып кеткенсекілді. Табиғатқа әкелген зардабы үшін халықтан кешірім өтініп, ауыл ішінен жабық спорт кешенін салып беруді уәде еткен. Бірақ, артынан жоғалып кеткен. Бізге облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жер қойнауын пайдалануды дамыту бөлімінің басшысы Диас Карипов серіктестіктің 2013 жылғы келісімшартқа сай жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Ал Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Жұмағұл Әлімбеков кәсіпорын аудан территориясында орналасқанымен, әкімдіктің сөзі өтпейді.

​ Шыныменде халық қанша жерден арыз жазып, митинг ұйымастырғанымен заң кәсіпорын жақта. Неге десеңіз, құзырлы органдар бәрібір заң аясыннан шығып шешім қабылдай алмайды. Ең өкініштісі сол, күннен күнге кішіріп бара жатқан Қаратал өзеніне обал. Кезінде халық арғы бетіне пароммен өтетін еді. Бүгінде аталған ксәпіорын жұмысы тоқтап тұр. Алдағы уақытта бәрібір іске қосылатыны анық.

Өзгелердің жаңалығы