Шымкенттіктер 63 мыңнан астам жүргізуші куәлігін рәсімдеді

24 Қараша 2020, 03:44
1721
Бөлісу:
Шымкенттіктер 63 мыңнан астам жүргізуші куәлігін рәсімдеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының мамандандырылған ХҚКО-да 2020 жылдың 10 айында 290 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 63 394 жүргізуші куәлігі берілген, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Данабек Исабековтің айтуынша, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық.

Шымкентте барлығы 10 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 3 мамандандырылған ХҚКО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар.

Қазіргі уақытта, «Достық» шағын ауданының және 196 квартал 381/1 үйдегі мамандандырылған ХҚКО-да автокөлік иелері өз автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алып, практикалық емтихан тапсыра алады.

Сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО ғимаратында жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге болады. Күн сайын мұнда 200 жүргізуші куәлігі беріліп, 600 ден астам көлік құралы есепке алынады.

Сонымен қатар, азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстырып, нөмірлік белгіні таңдап, автокөлікті есепке қойып, тіпті мемлекеттік нөмір мен куәлікті онлайн жеткізуді ресімдей алады.

Жыл басынан бері онлайн тәртіпте 226 924  автокөлік тіркеліп, 63 394  жүргізуші куәлігі берілді.



Өзгелердің жаңалығы