Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды

14 Қараша 2022, 09:38
2763
Бөлісу:
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
PHOTO

Шымкенттік марафоншы, Шымкент қалалық № 2 жеңіл атлетика мен велосипед спортынан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Айдана Түлкібек Түркияның Каппадокия қаласында өткен Salomon Cappadocia ультратрейліне қатысып, қыздар арасында III орын алды. Әлемдегі ең үздік бес ультратрейлдің қатарына кіретін Cappadocia ультратрейліне 75 мемлекеттен трейлраннер қатысқан,  деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Айдана Түлкібек – Шымкентте бұқаралық спортты дамытуға белсене үлес қосып, жүгірушілер қауымдастығын құрып, дамытып келе жатқан марафоншы. Сондықтан да таяуда елге оралған жүлдегермен аз-кем сұхбаттасып, ультратрейл қалай өткенін, кімдер қатысқанын, жеңіске жету талпынысын және Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту үшін істеп жатқан жобалары жөнінде сұрадық.

— Айдана, жеңісіңіз құтты болсын. Каппадокия ультратрейлі қандай жарыс? Әуелі осы жөнінде айтып берсеңіз екен…

— Құттықтап жатқандарыңызға рахмет. Каппадокия ультратрейлі әлемдегі ең үздік бес ультратрейлдің қатарына кіреді. Мәселен, марафонда World Marathon Majors деген бар. Әлемде алты марафон осы мейджор марафондар қатарына кіреді. Ал ультратрейлде Golden Trail Series деген санат бар. Ал Каппадокия ультратрейлі сол тізімге кіреді. Бұл ультратрейл ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміне кірген Каппадокияда өтеді. Тарихи-мәдени ескерткіштері көп, пейзажы тамаша. Тарих тұнған мекен. Сондай-ақ, жүгіру жолының қиындығы жағынан да әлемге әйгілі.

Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды

— Сіз қанша шақырым жүгірдіңіз, нәтижеңіз қандай болды?

— Биылғы ультратрейлге 2500-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар 75 мемлекеттен келді. Каппадокия ультратрейлінде үш түрлі қашықтық бар. 38,8 км, 63 км және 119 км. Жылдан жылға қатысатын адамдар саны артып, көбейіп жатыр. Мен 38,8 км қашықтыққа жүгірдім. Бұл шорт трейл деп аталады. 3 сағат 50 минут 25 секундта жүгіріп өттім. Осы 38,8 км қашықтықтағы трейлде қыздар арасында абсолют көрсеткіш бойынша үшінші боп келдім. Ал осы 38,7 км қашықтыққа жүгірген 1500 адамның ішінде жалпы тізім, яғни ерлер мен әйелдер арасында 35-орында тұрмын.

Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды

— Білсем, дәл осы ультратрейлге бұған дейін де қатыстыңыз. Қашан қатыстыңыз, сол кездегі нәтиже қандай болды?

— Каппадокия ультратрейліне үшінші рет қатыстым. 2019 бен 2021 жылдары да қатысқан едім. 2019 жылы 2800-дей адам қатысқан. Өйткені пандемияға дейінгі кезең еді. Енді қазір пандемиядан кейін сол кездегі көрсеткішке қайта жетейін деп жатыр. 2019 жылы жас санатым бойынша әйелдер арасында үздік бестікке кірдім. Сол кезде 32-шақырымға дейін бірінші боп келе жаттым. 12-шақырымнан бастап украин қызбен тайталасып келдік. 32-шақырымда бауыр-бүйрегім ауырып, бір шақырымдай өте баяу жүгіріп қалдым. «Приступ» ұстап, баяу жүгіріп қалған кезімде соған дейін артымда қалдырып кеткен атлеттер жанымнан зу-зу етіп жүгіріп өтіп кетті. Бауыр-бүйрек ұстама ауруын басатын амал-тәсілдер бар. Сол әдістерді қолданып, ауруды басып, «қатарға қосыламын» дегенше бірнеше адам алға озып кетті де бесінші боп қалдым. «Әлі тағы келемін, қатысамын, жүлделі орын аламын» деген ой туып, сол ой көкейімде қалып қойды. Былтыр, яғни 2021 жылы да бардым. Бірақ былтыр «орын аламын» деген ниетпен қатыспадым, өйткені жарақатым болды. Былтыр күзде Каппадокия-2021 ультратрейліне қатыспас бұрын, Астана мен Шымкентте толық марафон жүгірген едім. Екі марафонды араға 1 апта салып жүгірдім. Бұл спортшыға ауыр. Шымкенттегі толық марафонда 3-орын алғанмын. Сөйтіп, Астана мен Шымкент марафондарында жүгіріп, араға 1 апта салып, Каппадокия ультратрейліне қатысып, 38,8 км жүгірдім. Өкінішке қарай, сол алдыңғы екі марафонда алған жарақатым ультратрейлде асқынып, тізе буыным мен сіңір жарақаты қозып, еңістен түскенде тізем бүгілмей, қиналдым. Сөйте тұра үздік 20-лыққа ендім. Былтыр 60 шақты мемлекеттен 1500-дей трейлші қатысты. Каппадокия ультратрейлінің биіктігі 1500 метрге дейін барады. Жарақатым болса да мәре сызығын 19-шы болып кесіп, 4 сағат 29 минутта жүгіріп өттім.

Ал биыл бабым жақсы болды. 1,5 ай бұрын дайындық бастадым. Ультратрейлге тағы да қатысым, бағымды сынағым келді. Сәл дайындығым болған соң, «Айдана, ультратрейлде нәтижеңді жақсартуың керек» деп мақсат қойдым. 2019 жылғы Каппадокия ультратрейлінде 38,8 кмні 4 сағатта, ал 2021 жылы 4 сағат 29 минутта жүгірдім. Үшінші рет қатысып, нәтижемді жақсартып, сонау 2019 жылы санамда қалып қойған жүлделі орын алу мақсатымды да орындауды қаладым. Сөйтіп биыл  03:50:25 уақытта жүгіріп, мақсатыма жеттім. 38,8 км қашықтықта әйелдер арасында абсолют үшінші орын алдым. Дайындықтың көмегі тиді әрі жарақатым мазаламады. Екінші орын алған атлеттен небәрі 54 секунд ғана қалып қойдым. Жалпы Каппадокия ультратрейлінде 38,8 км қашықтықта 30-32 км арасындағы жол — өте қиын жол. Ерік-жігері өте мықты спортшылар ғана жүгіріп өте алады. Сол аралықты көптеген атлет өте алмай қалып жатады. Маған да сол аралық қиын тиді. Соған дейін екінші боп келе жатыр едім. 32-шақырымда артымдағы атлетті алға жіберіп қойдым. Қуып жетуге тырыстым, бірақ 200 метрдей қалып, 54 секунд кеш келдім.

Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды

(3 фото автордан)

— Дәл осы Каппадокия ультратрейліне бірнеше рет қатысуыңызға не себеп? Өйткені, басқа да ультратрейлдер бар.

— Биыл да қатысуыма негізгі себеп — осы қашықтықты жүгіріп өту уақытымды жақсартқым келді. Көп адам: «Неге 63 км жүгірмейсің» деп сұрайды. Мен: «38,8 км қашықтықта ала алмай, қалып қойғаным бар. Соны алуым керек» деп жауап беремін. Соған жеттім, алдым. Келесі жылы 63 км қашықтыққа қатысып қалатын шығармын.

Басқа да ультратрейлдер көп. Голден трейл сериясына кіретін ультратрейлдер ішінде Францияда өтетін Монблан ультратрейлі бар. Ендігі бір мақсатым — соған қатысу. Монблан ультратрейлі — әлемдік деңгейдегі керемет ультратрейлдің бірі. Әбден дайындалып, барып, жүгіріп қайту керек.

Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды

— Жүгіруді қашан бастадыңыз? Балаларды да жүгіруге жаттықтырасыз. Шымкентте жүгіруге дайындайтын клубыңыз бар екен. Қаладағы бұқаралық жүгіру спортының дамуы қалай?

— 2010 жылдан бері жүгіруге қатысамын. Оқушы кезімде аудандық жарыстарға қатысып, 2013 жылы Шымкенттегі жоғары оқу орнына оқуға түстім. Содан кәсіби тренермен жұмыс істеп, жеңіл атлетші болдым. Өте көп жарысқа қатыстым. 2017 жылы диплом алып, тренер боп жұмысқа кірдім. 2017 жылдан бері тренер боп жұмыс істеп келе жатырмын. № 2 спорт мектебінде бапкер боп жұмыс істеймін. Балаларды жеңіл атлетикадан жаттықтырамын. Жарысқа дайындаймын.

2018 жылы күзде жергілікті әуесқой жүгірушілердің басын қосатын Shymkent Run Club деген клуб құрдық. Жүгіруден әуесқойлар жиналған клуб. Яғни, ересектерді де жүгіруге дайындаймыз

Клубымыз 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Мүшелегімізде көп адам бар. Көп адамға жүгіруді үйретіп, жүгірудің не екенін сезіндіріп, не екенін көрсеттік. Ең бастысы — көп адамды «спорт дегеніміз бала күніңде айналыссаң айналыстың, бірақ есейгенде айналыса алмайтын нәрсе» деген түсініктен арылттық. Жүгіруге баулыдық. Бізде өте керемет коммьюнити, яғни әуесқой жүгірушілер қауымдастығы бар. Клубымыз керемет адамдардан құралған. Әрбір адам өзіне қажетін алады. Тек жүгіруді үйреніп ғана қоймай, пайдалы мәлімет біледі. Дұрыс тамақтану, психологиялық дайындық бойынша басқосулар, дәрігерлермен, диетологтармен кездесулер ұйымдастырамыз. Оқытамыз, үйретеміз, қалай істеу керек екенін көрсетеміз. Бұған дейін 600-700 адам жүгіруді үйреніп, талай марафонға қатысып, тіпті жүлделі орындар алып жатыр. Соңғы уақыттағы нәтижелеріміз өте керемет. Тап осы Каппадокия ультатрейліне былтыр да, биыл да клубымыздан бірнеше адам барды. Жалпы биыл Түркияға бірнеше рет барып, марафондарға қатыстық. Мәселен, наурызда Ыстамбұл жарты марафонына, қазанда Каппадокия ультратрейліне, кеше 6 қарашада өткен Ыстамбұл толық марафонына бардық. 

Қаламызды таныстырамыз, тауға турлар, хайкинг ұйымдастырамыз. Яғни, тек жүгіруді ғана емес, сондай-ақ танымдық мақсатта да жұмыс істейміз. Еліміздің басқа қалаларында өтетін, шетелде болатын марафондарға, трейл жарыстарға клуб боп барып, қаламызды, елімізді танытуға, спортты дамытуға үлес қосып жатырмыз.

Алдағы уақытта Shymkent Run Kids клубын ашпақпыз. Сондай-ақ, жарыстар ұйымдастырып жатырмыз. Шымкент ран клуб атынан ұйымдастыратын трейлдер мен эстафеталық жарыстар бар. Шетелде өтетін трейлдерге, марафондарға барып, көріп, тәжірибесін танып, үлгі аларлық тұстарын әкелуге тырысамыз.

Келер жылға бірнеше жарысқа қатысатын жоспарымыз бар. Спорт басқармасына да жүгініп, қолдау сұрауды жоспарлап отырмыз. Биыл көктемде Qazygurt трейл өткіздік. Келесі жылы тағы да ұйымдастырамыз. Жергілікті әкімдікке хабарласып, қолдау сұрап көреміз. Kids атлет жарысын өткізу жоспарымыз бар. Маусымдық эстафета жарыстар да ұйымдастырамыз. Клубымыздың мақсаты — бұқаралық спортты насихаттау, адамдарды бұқаралық спортқа тарту.

— Жоспарларыңыз орындалып, мақсатыңызға жете беріңіз. Уақыт бөліп, жауап бергеніңізге рахмет.

Шымкенттік марафоншы Айдана Түлкібек Түркияда өткен Cappadocia ультратрейлінен жүлделі оралды
Өзгелердің жаңалығы