Карантин кезінде жарты миллионға жуық шымкенттік әлеуметтік төлем алды

19 Тамыз 2020, 18:02
1326
Бөлісу:
Карантин кезінде жарты миллионға жуық шымкенттік әлеуметтік төлем алды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығында болды. Сенаторлар карантинге байланысты қиын қаржылық жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету шараларын талқылады.

Орталық мамандары атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша келіп түскен өтініштерді жедел өңдейтіндерін айтты. Төтенше жағдай режимі басталғаннан бері жарты миллионнан астам шымкенттік ақша табу мүмкіндігін жоғалтқан. Құжаттарын тапсырған жұмыссыздардың барлығы дерлік мемлекеттен ақшалай өтемақы алды. Тұрғындарды қолдау мақсатында жалпы сомасы 19,9 миллиард теңге бөлінген.

IMG-20200817-WA0086.jpg

Сенаторлар карантин алынып тасталғанына қарамастан, жұмысқа орналастыру және туындаған әлеуметтік проблемаларды жедел шешу арқылы халыққа одан әрі де көмек көрсету керек екенін, әсіресе адамдардың өтініштеріне қамқорлықпен әрі сергек қарау қажет екенін жеткізді.

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, қайтадан карантин шаралары енгізілгеннен кейін жұмыспен қамту орталығына жұмыс берушілерден 26 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, 33 мың адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі бар екені көрсетілген. Сонымен қатар, орталық жалпы сомасы 6 млрд теңгеге тағы 141,5 мың тұрғынға материалдық көмек көрсетті.

Сондай-ақ, сенаторлар әкімдік пен қайырымдылық ұйымдарының өкілдеріне аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетуді тоқтатпау туралы өтініш білдірді.

Өзгелердің жаңалығы