Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі үшінші мегаполисті көріктендіру және абаттандыру бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда Қонаев даңғылы мен Иляев көшелері қиылысы және Қонаев даңғылы мен Түркістан көшесі қиылысындағы гүлзарларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Шәмші әлемі аллеясы мен Чернобыль апатынан қаза болғандарға арналған аллея көркейтіліп, Әл-Фараби алаңы қайта жаңартылмақ. Бұдан бөлек, Орталық стадион аумағындағы БТЖ Тұлпар станциясының алаңы көріктендірілуде - делінген хабарламада.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов заманауи тұрғыда көріктендіру жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралап көрді. Демалыс орнының халыққа ыңғайлы әрі көрікті болуын айтқан қала басшысы өзінің бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов құрылыста сапалы әрі төзімді материалдарды пайдалану қажеттігіне назар аударды.
Абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 933 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Аталған жұмыстарды қаладағы "Шымкент Спец Комплекс" ЖШС-гі мен "Шымкент Жасыл қала" ЖШС-гі жүргізуде. Мұнда "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 100-ден астам азамат жұмыспен қамтылған. Жалпы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына 300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.