Шымкенттен Түркістанға синтетикалық есірткі тасымалдаған тұрғын 10 жылға сотталды

7 Маусым 2023, 14:03
695
Бөлісу:
Шымкенттен Түркістанға синтетикалық есірткі тасымалдаған тұрғын 10 жылға сотталды
Фото: Polisia.kz

Шымкенттен Түркістанға синтетикалық есірткі тасымалдаған 54 жастағы әйел 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Жедел іс-шараларды өткізу барысында Шымкент қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қаратау ауданы көшелерінің бірінде есірткі курьерін ұстады.

Жедел уәкілдер әйелден белгісіз зат салынған 40 полиэтилен пакетін тәркіледі. Кейін сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың синтетикалық есірткі екені анықталды.

Тергеу барысында 1969 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны Telegram арнасы арқылы жұмыс іздегені белгілі болды.

Нәтижесінде ол интернетте оңай әрі жылдам ақша табуды ұсынған белгісіз біреумен танысады.

Төрт ай бойы ауыл тұрғыны Түркістан қаласына есірткі тасымалдаумен және қойып кетумен айналысқан.

Ол Telegram арқылы берілген нұсқауды орындап, жұмыс ақысын электронды түрде алып отырған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша жүргізілді.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот 54 жастағы әйелді 10 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарды.

Өзгелердің жаңалығы