Енді Шымкентте бұрынғыдай пара беріп, мектепке жұмысқа тұру мүмкін емес – Шыңғыс Мұқан

19 Тамыз 2020, 17:22
3803
Бөлісу:
Енді Шымкентте бұрынғыдай пара беріп, мектепке жұмысқа тұру мүмкін емес – Шыңғыс Мұқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан "Antikor.Live" жобасы аясындағы онлайн брифингте өңірдегі білім саласындағы жемқорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтты.

Білім саласында сыбайлас жемқорлықтың болуы болашағымызға балта шабумен тең. Себебі, білім кіршіксіз таза дүние. Онымен қалай күресеміз? Қазір Шымкент қаласында 800-ге тарта білім ұйымы орналасқан. Әрқайсысының мемлекет тарапынан бөлінетін қаржысы мен басшылығы бар. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелі - әсіресе, мұғалімдерді, техникалық қызметкерлерді мектепке тағайындағанда көрініс береді екен. Осының алдын алу үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ерекше мән беріп жатыр. Арнайы порталға тапсырыс берілген. Қазіргі уақытта кез келген білім ұйымы, айталық мектеп бір мұғалімді жұмысқа бұрынғыдай ала алмайды. Директорға "мені жұмысқа ал" деп ақша әкеліп берсе де, кіргізуге мүмкіндігі жоқ. Себебі, бос жұмыс орынның бәрі сол порталға орналыстырылады. Қызметке тұрғысы келетіндер сол порталға тіркеліп, өтініштерін білдіреді, - деді ол.

Оның айтуынша, порталда критерийлер бойынша бағалар берілген. Онда мұғалімнің 75 пайызға дейін әлеуетін анықтайды. Ал 25 пайыз қабілетін мектепте құрылған комиссия шешеді. Сондықтан балы жоғары мұғалімді мектеп директоры жұмысқа алуға мәжбүр болады екен.

Сонымен қатар, мектеп директорларын тағайындау ҚР заңымен реттелген. Жеті деңгейден тұрады. Оны да кез келген кезде ала алмайды. Тест тапсырады, басқа да процедуралар бар. Ең соңында комиссиядан өтеді. Құрамында кәсіби мамандар, қоғамдық ұйымдар өкілдер бар. Ол жерде де "бармақ басты, көз қыстыға" жол беру қиын. Дегенмен, қаншалықты мықты жүйе жасалғанымен, ақпараттық-технологиялар енгізілгенімен, басшының өзі ар-ұятының алдында адал болмаса, заң талаптары бәрібір бұзылады. Біз қазір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін цифрландыру арқылы алдын алу емес, басшыларымен жұмыс істеу, - дейді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы