Ұлыстың Ұлы күні – 20-22 наурызда Шымкентте теңге ілуден Азия біріншілігі өтті. Іріктеу сынына 4 елден 12 теңгеші қатысып, финалған бесеуі шықты. Финалда Батыс Қазақстан облысынан келген Бекнұр Серіков чемпион атанды, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Ақтық кезеңге шыққан бес теңгешінің қатарында Шымкенттен Бақыт Төлтаев пен Азат Түлкібай, Түркістан облысынан Досжан Тастеміров, Қызылордадан Айдар Исраилов және Батыс Қазақстан облысынан Бекнұр Серіков бар.
Олар финалда қаз-қатар бір сызық бойына тігілген 7 теңгені шауып келе жатқан ат үстінен жерге еңкейіп, теңгені алып, лақтыруы керек. Екі мүмкіндік беріледі. Теңгешінің жерден ілген теңге саны мен уақытын есепке алады.
Әуелі шымкенттік Бақыт Төлтаев бастады. Ол бірінші мүмкіндікте 5 теңгені іліп, 13 секунд 86 миллисекундта (13:86) шауып өтті.
Қызылордалық Айдар Исраилов 4 теңгені ілді. Уақыты – 13:65.
Жарыс жолына үшінші боп шыққан түркістандық Досжан Тастеміров 7 теңгені де ілді. Уақыты 12:01.
Және бір шымкенттік теңгеші Азат Түлкібай 10:91 уақытта 5 теңгені іліп өтті.
Бесінші теңгеші батыс қазақстандық Бекнұр Серіков 7 теңгені де іліп өте шықты. Уақыты – 11:63.
Содан кейін екінші талпыныс басталып, мұнда да теңгешілер жоғарыдағы реттілікпен теңге ілуге шықты.
Бақыт Төлтаев 7 теңгені ілді. Уақыты – 09:62
Айдар Исраилов 3 теңге ілді. Уақыты – 11:81.
Досжан Тастеміров 6 теңге ілді. Уақыты – 11:02.
Азат Түлкібай 2 теңгені 10:66 уақытта іліп өтті.
Ал Бекнұр Серіков бұл жолы да 7 теңге ілді. Уақыты 09:94.
Осылайша, қорытынды қай саны бойынша Батыс Қазақстан облысынан келген Бекнұр Серіков чемпион атанды. Ол екі талпыныста 7 теңгенің бәрін ілді. Осылайша 14 теңге ілді.
Түркістан облысынан Досжан Тастеміров 7+6=13 теңге іліп, екінші орынға шықты.
Үшінші орынды Шымкенттен Бақыт Төлтаев алды. Ол 5+7=12 теңге ілді.
Қызылордалық Айдар Исраилов 4+3=7 теңге ілсе, тағы бір шымкенттік теңгеші Азат Түлкібай 5+2=7 теңге ілді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына Шымкентте Great Qazaq Games этнофестивалі ұйымдастырылып, соның аясында теңге ілуден Азия біріншілігі болды.
Этнофестивальдің бас продюсері Жан Мұханның айтуынша, іс-шара төрт түрлі бағыт: Ulttyq oiyn (аламан бәйге, көкпар, топ бәйге, аударыспақ, құнан бәйге, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, садақ ату), Ulttyq tagam (бауырсақ, қымыз, сірне, шұбат, жент, қуырдақ, ет), Ulttyq oner (терме, жыр, қобыз бен домбырада күй, дәстүрлі ән, жетіген, айтыс, би) және Ulttyq kiim (қамзол, сәукеле, қалыңдық киімі, тақия, шапан, ерлер киімі үлгілері) бойынша болды.