Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласындағы «Ақтас-1» қоқыс полигоны 2015 жылдың наурыз айында іске қосылған. Аумағы 34 гектарды құрайтын полигон тәулігіне 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға қауқарлы, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оның ішінде 29 гектар қоқыс полигоны болса, 5 гектарында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау зауыты орналасқан. Мұнда қазір 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Санитарлық талаптарға сай келетін қоқыс нысаны бүгінде «Гринлайн» ЖШС-нің жеке меншігінде. Зауытта өңдеудің барлық түрлері бойынша қалдықтар сұрыпталады. Сонымен қатар, өңделетін қалдықтың көлемін арттыру мақсатында қайта өңдеу жұмыстары да жүргізіліп отыр.
Қоқыстарды қайта өңдеудің көлемі 2018 жылы 18,1% құраса, 2019 жылы 22,7%, ал, 2020 жылы 25,1 пайызға жеткен. Өткен жылы қоқыс полигонына 209,1 мың тонна қоқыс қабылданып, 52,5 мың тонна қалдық қайта өңделген
Атап айтқанда, картон 14,8, қағаз 2,3, ақ қалта (желім) 1,1, түсті қалта 1,2, политэлен бөтелке 26,1, пластмасса 5,1, шыны бөтелке 1,8, қара металл 0,1, түсті металл 0,01 тоннаны құрап отыр.
Сұрыпталып, өңдеуден өткен политэлен және пластмасса бөтелкелер қалдығынан химиялық шикізат алынуда.
Алдағы уақытта қайта өңдеу зауытында қоқысты сұрыптаумен қатар, тұрмыстық қалдықтардан электр энергиясын өндіруді қолға алынып отыр. Бұл мақсатта «Ақтас-1» қоқыс полигоны аумағынан 20 гектар жер телімі қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.