Шымкентте өткен жылы 5000-ға жуық жастар тұрақты жұмысқа тұрған

9 Қаңтар 2021, 06:35
1305
Бөлісу:
Шымкентте өткен жылы 5000-ға жуық жастар тұрақты жұмысқа тұрған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында өткен жылы 13 022 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 5000-ға жуық азамат тұрақты жұмыс орнына орналастырылды, деп хабарлайды Оtyrar.kz.

Сонымен қатар, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 536 жас тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Жалпы, қалада 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 239 443-ті құрайды.

Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, 2021 жылы да жұмыссыз жүрген азаматтарды, оның ішінде жастарды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына көптеп қатыстыруды жоспарлауда. Сондай-ақ, оларды уақытша және тұрақты жұмыс орындарымен қамту шаралары жүзеге асырылмақ.

Бүгінде жұмыссыз азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі мүмкіндіктер беріліп отыр.

Соның бірі – кәсіптік оқыту. Мәселен, жоғары білім алуға мүмкіндігі болмай немесе ЖОО тәмамдап мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты (Техникалық және кәсіптік білім беру және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту) аясында сұранысқа сай кәсіпті тегін игере алады. Ол үшін азамат қысқа мерзімді (үш айлық) кәсіптік оқыту курстарына қатысуы қажет.

Оқуды бітірген соң арнайы сертификат беріліп, Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығы тарапынан жұмыс орындары ұсынылады. Одан бөлек, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтап сертификат алған азаматтар мемлекеттік грантқа қатыса алады.


Өзгелердің жаңалығы