Шымкентте науқастар санының азаюына байланысты күндізгі стационар жабылды

16 Шілде 2020, 11:07
1206
Бөлісу:
Шымкентте науқастар санының азаюына байланысты күндізгі стационар жабылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте медициналық көмекке жүгінетін азаматтар санының азаюына байланысты жеңіл атлетика спорт кешеніндегі 360 орындық күндізгі стационар жабылды.

Естеріңізге салсақ, қалада ЖРВИ мен пневмониямен ауырғандар санының күрт өсуіне байланысты қала әкімдігі 15 күн бұрын спорт кешенінен күндізгі стационар ашқан болатын.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, стационарда алғашқы бірнеше күнде 500-ден 700-ге дейін тұрғын емделген. Бүгінде қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастады. Сондықтан соңғы бес күн ішінде стационарға келушілердің саны күніне 25 адамға дейін азайды, яғни күнделікті стационарға әр емханадан екі-үш емделуші келді.

Сондай-ақ, емханалар жанындағы күндізгі стационарларда қосымша төсек-орындардың ашылуына байланысты аталған спорт кешеніндегі стационар қызметіне жүгіну қажеттілігі төмендеді. Осы себепті қала әкімдігі жеңіл атлетика аренасындағы күндізгі стационардың жұмысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Бүгінде спорт кешенінде тиісті дезинфекциялық тазарту жұмыстары жүргізіліп, ондағы бірқатар жабдық емханаларға берілді, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жұмыс кестесіне сәйкес күніне сағат 08:00-20:00 аралығында қаланың барлық емханаларынан келген 50-ден астам медицина қызметкері медициналық көмек көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы