Шымкент қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте барлығы 37 628 азамат баспана кезегінде тұр. Тұрғын үй алу тізіміне енгендерді баспанамен қамтамасыз ету үшін «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік басталамалары шеңберінде қандай іс-шаралар атқарылады?
Баспана кезегінде кімдер тұр?
Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлінің айтуынша, Шымкентте тұрғын үй тізімінде тұрғандардың жалпы саны 37 628 адамға жеткен.
"Олардың 1753-ін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 14708-ін халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған тобы, 21 147-ін мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілері құрайды. 20 азаматтың жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған", - дейді Марат Оразәлі.
Басқарма басшысының сөзінше, кезекте тіркелгендердің 3585-і көп балалы отбасылар (бала саны 4 және одан көп) екен. Бұл көп балалы отбасылар тұрғын үй алу тізіміне екі санаты арқылы тіркелген. Дәлірегі, 1253-і мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер санаты, ал 2332-і халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған тобы санатына тіркелген. Осылайша, тұрғын үй алу тізіміне енген көп балалы отбасылардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған тобына кіріп отыр.
Бұған қоса, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатына 1640-ы мүгедек бала тәрбиелеуші отбасы және 6966-ы толық емес отбасылар тіркелген.
"Биылдың ақпан айында 1000-нан астам әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған топтар, оның ішінде көп балалы, мүгедек бала асыраушы және толық емес отбасылар қабылдауға келді. Олардың әлеуметтік және тұрғын үй мәселелері қаралды. Бірқатар азаматтардың мәселелері, атап айтқанда, кезекке қою, мекенжайы бойынша тіркеу сынды мәселелері шешімін тапты", - қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлі.
Несиенің орнына коммуналды пәтерлер
Оның айтуынша, Шымкентте 2015 жылға дейін тұрғын үйлердің басым бөлігі несие негізінде беріліп келген. Ал енді 2015-2019 жылдар аралығында кезекте тіркелгендерге 3176 коммуналды пәтер беріліпті. Олардың 9-ы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 737-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болыпты. Ал 1137 отбасы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған тобына, 1290 отбасы бюджеттік ұйым қызметкерлері санатына жатады. 3 отбасының жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылып, коммуналды пәтерге көшірілген.
Таяуда 786 отбасы баспаналы болады.
Дәл қазіргі таңда Шымкентте 15 тұрғын пайдалануға беріліп, енді сол үйлердің төлқұжаттары Әділет органдарында тіркеуден өтіп жатыр екен. Барлық тіркеу құжаттары ресімделгеннен кейін 786 пәтер өз иесін табады.
"Тарқата айтқанда, бұл үйлердің ішінен 10 арендалық үй (540 пәтер) тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға жалға беріледі. Ал 5 кредиттік үй (246 пәтер) «7-20-25» бағдарламасы аясында несие негізінде үлестіріледі", - дейді Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлі.
«7-20-25» бойынша 246 пәтерге құжат қабылданады
Жоғарыда айтқан, «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде үлестірілетін 5 кредиттік үй, яғни 246 пәтер бойынша қашан құжат қабылданатыны мәлім болды.
Құжат қабылдау тек бір күн, яғни 2019 жылдың 5 сәуірінен (сағат 09:00-де басталып 19:00-ге дейін) жүреді.
Берілгелі отырған тұрғын үйлерде 246 пәтер бар. Ондағы бір, екі және үш бөлмелі пәтерлердің әрқайсысы сәйкесінше 82 дананы құрайды.
Өтінім және құжаттардың барлығы Шымкент қаласы әкімдігі жанына ашылған Халықтық кеңседе қабылданады.
Мекенжайы: Шымкент қаласы, Республика даңғылы, No12а, 1-қабат.
Биыл Шымкентте барлығы 3863 пәтер пайдалануға беріледі
Қазір Шымкентте барлығы 6513 пәтерлі 132 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның басым бөлігі мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатыр екен. Бұл туралы Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров мәлімдеді.
"Шымкентте қазір салынып жатқан 4146 пәтерлі 75 тұрғын үй бюджет есебінен қаржыландырылған. Бюджет есебінен болғанда, ішіне тарқатсақ, онда мынадай сандарды көреміз. Жаңағы бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан үйлердің 14-і (828) арендалық бағытта, 2 тұрғын үй (70 пәтер) жатақхана типтес, ал 35 тұрғын үй (2232 пәтер) кредиттік бағытқа жатады. Сондай-ақ, 24 тұрғын үй (1016 пәтер) құрылысы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жүреді", - дейді Малик Абдинуров.
Сондай-ақ, жеке құрылыс жүргізушілер өз есебінен 1919 пәтерлі 49 тұрғын үй салып жатыр. Одан бөлек мемлекеттік жеке серіктестік бағыты бойынша 448 пәтерлі 8 тұрғын үй құрылысы басталған.
«2-3 пайызбен ипотекаға үй беруді жоспарлап отырмыз»
Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді салудан бөлек, тұрғын үйді сатып алу да қарастырылған.
"Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік бастамасы аясында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2-3 пайызбен тұрғын үй беру көзделген. Сол үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» өз тарапынан жұмыстар жүргізіп, шешу жолдарын қарастырып жатыр. Мәселе оң шешілген жағдайда «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған кредиттік тұрғын үйлер 2-3 пайызбен беріледі деп жоспарлап отырмыз, - дейді қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлі.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы «Адия» тұрғын үй кешенінен сатылмаған 146 пәтер сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Басқарма басшыларының айтуынша, бұл үйлерді кезекке тіркелген азаматтарға беру жоспарланған.
Тұрғын үй сертификаттары да беріледі
Бұдан бөлек тұрғын үй сертификаттары түрінде алғашқы жарнаға көмек көрсету жолдары республикалық деңгейде өңірлік әкімдіктерімен талқыланған. Соның нәтижесінде «Тұрғын үй қатынастары» және «Нұрлы жер» бағдарламасына, Үкімет қаулыларына өзгерістер енгізіліп жатыр. Заңнама қабылданғаннан кейін ипотекалық бағдарламасына қол жеткізу мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылады.
"Атап айтқанда, әлеуметтік көмек түрінде қайтарылмайтын негiзде бастапқы жарнаны жабу үшін 1 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификаты беріледі. Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізбесі жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімімен айқындалады. Екіншіден, бюджеттік кредиттер түрінде әлеуметтік қолдауды жылдық мөлшері 0,01% болатын сыйақы мөлшерлемесі бойынша 15 жылға дейінгі мерзімге қайтарымды негізде беріледі",- дейді Марат Оразәлі.
Жастар жылында жастарға 333 пәтер
Сондай-ақ, 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жариялануына сәйкес Елбасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 1000 пәтер пайдалануға беруді тапсырған.
"Осы орайда Шымкент қаласында жұмыс істейтін жасы 29 дейінгі жастарға 333 пәтер беру жоспарлануда. Қазіргі таңда жастардың «Тұрғынүй құрылысжинақбанкі» арқылы несие негізінде тұрғын жаймен қамту Ережесі бекітіліп жатыр", - дейді басқарма басшысы.