Шымкентте карантинде жатқан 69 адам жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылған

18 Наурыз 2020, 06:14
1791
Бөлісу:
Шымкентте карантинде жатқан 69 адам жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте карантинде жатқандар саны 125 адамға жеткен. Ал олардың 69-ы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылған. Бұл туралы сала мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, өзге 56 адам өз үйлерінде оқшауланған. Қазір қалада санитарлық талаптарға сай келетін 170 орын, 680 провизорлық жатын орын әзірленген. 750 орынды аурухананы дәрі-дәрмекпен ұстап тұруға мүмкіндік бар. 4300 азамат дайындық жұмыстарына резерв ретінде тұр. Сонымен қатар осы күнге дейін коронавирусты анықтау үшін 12 адамнан сынама алынғанымен, ауру нақты расталмаған. Олардың екеуі Қытай азаматы. Сондай-ақ резервте 650 мыңнан аса бетперде бар. Қазіргі уақытта қаладағы мемлекеттік мекемелерде қызметкерлер маскамен жүруге міндеттелген. Медициналық бетпеденің бағасы 25 теңгеден 170 теңгеге көтерілген. Қалада маска тапшы. Кәсіпкерлермен келісіліп, маскі дайындалып жатқанымен ол дәріханаларға бір аптаның көлемінде жеткізіледі. Дәкеден жасалған 1 дана маскінің бағасы: 4 оралғаны - 100 теңге, 8 оралғаны - 130 теңге, 16 оралғаны - 200 теңге. Биліктегілер бағаны түсіруге мүмкіндік жоқ екенін айтады. Себебі, доллар бағамы өскендіктен шикізат қымбат, жұмысшылардың жалақысы мен қауіпсіздігін сақтау шығыны кірген. Алдағы уақытта бұл маскілер бір адамға 5 данадан ғана сатылады. Бұдан өзге, қаладағы 1500 қоғамдық көлікті дезинфекциялау жұмыстары көлік иелеріне жүктелген. Антисептиктердің бағасы 420 теңгеден болуы керек. Әр азаматқа 2 немесе 4 данадан ғана сатылуы тиіс. Егер осы белгіленген бағалардан ауытқушылық байқалса, қала әкімдігінің сайтына шағымдануға болады.

Қазіргі таңда әлемдік экономикада біраз қиындық туындауда. Оның біздің мемлекетімізге де әсері тиюі мүмкін. Соған байланысты Шымкент қаласында дағдарысқа қарсы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте халықты азық-түлікпен қамту мәселесі тұр. Сауда орындарында баға тұрақты, азық-түлік қоры жеткілікті, - деп мәлімдеді Ербол Әбілхайырұлы.


Өзгелердің жаңалығы