Шымкентте балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті

2 Маусым 2019, 13:03
3064
Бөлісу:
Шымкентте балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңге кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіп ашу қырларына бала күнінен баулуға арналған. Осымен екінші рет өткізілген балалар бизнес-жәрмеңкесіне 6-14 жас аралығында 90 бала қатысты. Олар өздері жасаған заттарын, яғни тамақ өнімдері, қолөнер бұйымдарын әкеліп, сатуға шығарды. Осылайша, шымкенттік балалар бір күн кәсіпкерге айналды. Жәрмеңкеге барлығы 3000-ға жуық қала тұрғыны келді. Олар балалар жасаған өнімдерді сатып алды.

Шымкентте балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті

Шымкенттегі балалар бизнес-жәрмеңкесін «Shymkent» ӘКК» АҚ ұйымдастырды. Басқарма төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, мұның алдын 30-наурызда алғаш өткен бизнес-жәрмеңкеге 70 бала қатысыпты. Сол кезде 2000-ға жуық адам келіп, қолдау көрсетті. Сол кезде балалар 225 мың теңге табыс тапты.

Шымкентте балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті

«Шымкенттің басқа қалалардан айырмашылығы – бізде мұнай жоқ, бізде газ жоқ, басқа да табиғи қазба байлықтары жоқ. Бірақ, бізде екі нәрсе бар. Бұл – Шымкенттің жылы ауа райы және кәсіпке бейім тұрғындары. Алғашқы жәрмеңкеден кейін көптеген ата-анадан ұсыныс, өтініш келіп түсті. Ұсыныстар негізінде, бұл жәрмеңкеде қатысушылардың санын көбейттік. Екіншіден, қосымша бағдарламалар енгіздік. Үшіншіден, балалар «өзіміз жасайтын заттардың түрін көбейтеміз» деп өтініш айтты. Осы 1 маусым – Халықаралық балалар күніне өткізуді ұсынды. Соның барлығын ескере отырып, екіншісін өткізуге шешім қабылдадық. Мұндай балалар бизнес-жәрмеңкесі олардың дарыны ашылуына, ақша табудың қандай екеніне, соны үнемдеуге, жұртпен араласуына септігін тигізеді. Ата-аналарының да баласының өз-өзіне сенімін арттыруына көмек етеді. Тағы бір пайдасы, бүгінгі жәрмеңкеде балалар тапқан табысының бір бөлігін қайырымдылыққа аударады, Бұл оларды тағы бір деңгейге өсіреді», - деді Рашид Аюпов.

Шымкентте балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті

Ата-аналар да балалар бизнес-жәрмеңкесінің бала дамуына көп пайдасы тиіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл бизнес-жәрмеңке балаларымыздың өзін-өзі көрсетуіне, өзін тануына көп жол ашты.

Шымкентте балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті

«Бүгінгі бизнес-жәрмеңкеге балалары қатысып отырған ата-аналардың барлығының атынан ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Біз екінші рет қатысып жатырмыз. Бірде ұлым менен: «Анашым, сен неге әлі күнге дейін бай емессің» деп сұрады. «Білесің бе, ұлым, бізді кеңес заманында бай болуға оқытпады, үйретпеді. Біз басқа түсінікте есейдік. Барлығы да бірдей адам болғысы келді. Ал қазіргі балалардың дамуға, өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндігі бар. Ақшамен жұмыс істеуді үйренеді. Адамдармен араласып, әлемді танып, көп нәрсені меңгеруге мүмкіндігі бар. Осы жәрмеңке барысында олар қуанады, мұңаяды, ренжиді, толқиды. Осылайша түрлі эмоцияны басынан өткереді. Сауданың қыр-сырын ұғады. «Неге менің тауарымды ешкім сатып» алмайды» деп жылайтындары болады. «Абыржыма, бұл да бизнестің бір бөлігі, тауарың өтпеуі де бизнесте кезігеді. Бүгін алмаса, ертең алады» деп айтамын. Әрбір ата-ана баласына кез келген сәтсіздіктен кейін сәттілік келетінен үйретуі қажет. Сәттілік міндетті түрде келеді. Балаларымызды өте қызық уақытта өсіріп жатырмыз. Барлығы да өзгерді. Тез өзгеріп те жатыр. Қазақстанның болашағын осы қазіргі балалар жарқын етеді. Енді бір 10-15 жылдан кейін болашағымыз осы балаларымыздың қолына өтеді. Сондықтан да балаларыңыздың бастамасына әрдайым қолдау көрсетіп, олардың дарыны ашылуына көмектесеңіз», - деді Айсұлу Құнанбаева.

«Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Рашид Аюповтың сөзінше, алдағы уақытта мұндай бизнес-жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Қазір соның алғышарттары қалыптасып жатыр екен.

«Әлемдік тәжірибиені алатын болсақ, осы жәрмеңке арқылы балаларды топқа бөлуіміз қажет. Қай бала қай жағынан бейімі барын анықтаймыз. Біреулері робот жасауға, ендібірі тамақ дайындауға жақын болады. Тағы біреуі іс тігуге бейім келеді. Біз сол балалардың бейіміне қарай, топтарға бөлеміз. Сосын сол топтармен жекелей өткіземіз. Біз жәрмеңкеге қатысқан балаларды қай бағытқа бейім екенін қарап отырмыз. Қазір тамақ пен сусын дайындауға бейім балалар көп болып тұр. Қолөнер бұйымдарын жасайтын балалар да көп. Бірақ, біз сапасына көбірек көңіл бөлгізім келеді. Арнайы мамандарды әкеліп, үйрету жоспарымыз бар. Екі бағытта дамыту ойымыз бар. Біріншісі, осы Арбатты басқару біздің «Shymkent» ӘКК» АҚ-ына өткелі жатыр. Өтсе, біз мұны әр үш ай, яғни әр тоқсан өткізу жоспарымыз бар. «Shymkent» ӘКК» АҚ жанынан e-commerce орталығын аштық. Сонда балаларды тартуды ойлап отырмыз. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысы жолға қойылған соң, балаларды сонда тартып, электронды сауда бағытына баулу жоспарымыз бар», - дейді Рашид Аюпов.

Шымкентте балалар бизнес-жәрмеңкесі өтті

Бизнес-жәрмеңкеден 250 мың теңге қаржы түсті. Соның 10 пайызы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатта робототехника кабинетін жабдықтау жобасын қаржыландыруға жұмсалады.

Сондай-ақ, балалар «Ең креативті тауар», «Сату орнын үздік әрлеу», «Креативті сатушы», «Үздік коммуникация» және «Үздік брендинг» номинацияларымен марапатталды.

Айта кетсек, мұндай балалар бизнес-жәрмеңкесі әлемнің 100-ден астам елінде өтеді. Бұл балалардың көшбасшылық, дербестік, тіл табыса білу және жауапкершілік сияқты қасиеттерді дамытады. Жәрмеңкеге қатысқан балалар бұған дейін "Shymkent" ӘКК қолдауымен оқыту тренингінен өтті. Тренигте балалар сатуға арналған өнімді таңдау, оның қажеттілігін талдау, тауарды әдемі орау, өз жұмыс орнын әрлеу, өз тауарын таныстыра білу, оның артықшылықтарын көрсету және сәтсіздікке мойымай, жақсы нәтижеге сене білуді үйреніпті.

Өзгелердің жаңалығы