Шымкентте 2 мыңнан аса бизнес нысан қайта іске қосылады

31 Мамыр 2020, 17:32
1517
Бөлісу:
Шымкентте 2 мыңнан аса бизнес нысан қайта іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында карантинге байланысты 1 маусымнан бастап қаламызда іске қосылатын нысандар бойынша брифинг өтті.

Брифингте қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ертеңнен бастап іске қосылатын нысандар мен шектеулердің алынатынын айтты, деп хабарлайды 
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы.
Шымкентте биылғы жылдың 1, 4 және 11 мамыр күндері 3 кезең бойынша 6 912 нысан іске қосылып, 166 мыңнан астам адам жұмысына қайта кіріскен болатын. Ал төртінші кезең бойынша 1 маусымнан бастап 2 095 орта және шағын бизнес нысандары қайта іске қосылады. Яғни, 33 мыңнан астам жұмысшы өз ісіне кіріседі деген сөз, – деді қала әкімінің орынбасары.

Осы ретте 1 маусымнан бастап рұқсат етілген нысандарды атап өтсек:

1. Азық-түлік пен қажетті тауарларды сататын супермаркеттер, гипермаркеттер және сауда желілері жұмыс режимі сағат 21:00-ге дейін ұзартуымен; 

2. Қоғамдық тамақтану орындары және жазғы алаңдар 50 адамға дейін сағат 06:00-ден 21:00 аралығында (құдалық, туған күн, мерей тойлар және т.б. мерекелік шараларды атқарусыз) 1 320 нысан (15 мың адам);

3. Жаттығу залы, фитнес-орталықтар, сауналар, SPA-салондар, жеке кабиналары бар моншалар. Жұмыс режимі – сағат 21:00-ге дейін, 95 нысан (600 адам);

4. Автокөлік және мал сататын базарлар, 4 нысан (50 адам);

5. Көрермендердің қатысуынсыз спорттық және мәдени нысандар, 88  нысан (1,7 мың  адам);

6. Білім беру орталықтары, үйірмелер, дайындық топтары (15 адамға дейін ғана қабылдау арқылы), 59 нысан (2 мың адам);

7. Халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтары қалыпты жұмыс режимінде;

8. Жанар-жағармай станциялары жанындағы дүкендер;

9. Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтар (20 баладан аспайтын) және Теміржол қатынастары қалпына келтіріліп, қалааралық блокпостылар алынады. 

Сондай-ақ, 2 маусымнан бастап автовокзалдар мен автобекеттер жұмысын қайта бастайды. Ал кинотеатрлар 15 маусымнан бастап жұмыстарына кіріседі.

Бұдан бөлек, брифингте қала аумағындағы барлық топтағы нысандар жұмысын таңертеңгі сағат 6:00-21:00 аралығындағы режимде жалғастыра алатыны белгілі болды. Саябақтар мен скверлер, алаңдар мен жағалауларда бетперделік режим сақтала отырып, шектеусіз режимге көшеді. Осы ретте барлық іске қосылатын кәсіпкерлік нысандар күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық тәртіппен жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Баспасөз мәжілісінде балабақша жайы да сөз болды. Бұл мәселеге М.Исахов рұқсат берілгенін жеткізіп, бірақ баланың ата-анасы тарапынан жұмыс істейтіні туралы анықтама керек екенін айтты. 

Брифинг барысында Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алмат Қосалиев санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек екенін тілге тиек етсе, "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік коорпорациясы" Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков қала тұрғындары ХҚКО-дан қызмет алу барысында онлайн брондау жүйесін қолдануға шақырды. Бұл ретте халық, ең алдымен, өз уақытын үнемдейтінін жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы