Шымкентте 10 мыңға жуық медицина қызметкерінің жалақысы өседі – Ақтаева

11 Сәуір 2019, 10:15
3898
Бөлісу:
Шымкентте 10 мыңға жуық медицина қызметкерінің жалақысы өседі – Ақтаева
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Биылдың 1 маусымынан бастап ерекше сұранысқа ие мамандардың жалақысы өседі. Олардың қатарында дәрігерлер де бар. Соның ішінде Шымкент қаласындағы 10 мыңға жуық медицина қызметкерінің айлығы көбейеді. Денсаулық сақтау саласына қатысты осы және тағы басқа жаңалықтарды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Шымкент тұрғындарымен кездесуінде айтып берді.

Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Шымкентте жүр. Әлеумет, денсаулық, білім және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласына қатысты министрліктер мен комитеттердің өкілдерін құралған топ бірінші күні шымкенттіктермен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Бірінші мәселе, биылдың 1 маусымынан бастап ерекше сұранысқа ие мамандардың жалақысы өседі. Нәтижесінде, 29 мыңнан аса дәрігер, 90 мың орта қызметкер, 60 мыңға жуық кіші қызметкердің жалақысы ұлғаяды. Шымкентте 10 мыңға жуық медициналық қызметкердің айлығы көбейеді. Дәрігерлердің орташа жалақысы 146 мың теңгеге дейін, орта қызметкерлердің жалақысы 99 мыңға дейін, кіші қызметкерлердің жалақысы 63 мыңға дейін көбейгелі отыр. Осыны іске асыру үшін биыл республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 800 млн теңге бөлінді», - деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі.

Сондай-ақ, қалада және ауылда инфрақұрылымды дамыту, амбулаториялық көмекке қолжетімді арттыру мақсатында 2021 жылға дейін алғашқы медициналық-санитариялық қызметтің 595 объектісін салу жоспарланыпты. Оның 18-і қалада, қалғаны ауылда салынады екен.

«2021 жылға қарай ауылдар медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен 100%-ға қамтылады. Шымкент қаласында 15 объект салынады. Олар медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетеді. Сонымен қатар аймақта 10 аурухана салынады. Сол үшін республикалық бюджеттен 120 млрд теңге бөлінеді», - деді Ләззат Ақтаева.

Қоғамдық денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру көлемі 20%-ға артқалы отыр. Оның қатарына вакциналар сатып алу, скрининг түрлерін көбейту, халықтың денсаулық сақтау мәселелері бойынша хабардар болуын арттыру кіреді.

Бұған дейін Шымкентте қала тұрғындарымен кездесу барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыстағаны туралы жазғанбыз.

 


Өзгелердің жаңалығы