Шымкент жастары әскери борышын өтеуге Қонаев қаласына аттанды

8 Сәуір 2023, 09:33
1001
Бөлісу:
Шымкент жастары әскери борышын өтеуге Қонаев қаласына аттанды
Фото: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

40 жас жауынгер Қонаев гарнизонында орналасқан десанттық-шабуылдау бригадасында әскери мамандық алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салуға қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштер ардагерлері мен интернационалист жауынгерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туысқандары қатысты.

Өз сөзінде қаланың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев әскерге шақырылушыларды өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтап, барлығына мықты денсаулық пен жауынгерлік даярлықта табыс тіледі.

Әскер - әр жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер адам қауіп төнген сәтте өз отбасын, Отанын қорғауға дайын болуы керек. Сіздерге алдағы 12 ай болашақ өмірде де пайдалы болатын маңызды және пайдалы сабақ беретініне толық сенемін. Қызметтеріңіз адал және берекелі болсын, - деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.

Құрметті қонақтар мен туыстардан басқа, әскери-патриоттық клубтар мен қаланың "Жас Сарбаз" жастар қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ гарнизонның әскери оркестрі болашақ жауынгерлерге қолдау көрсетуге келді. Олар Оқушылар сарайының тәрбиеленушілерімен бірлесіп концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанадан ел алдындағы борышын өтеуге 6 мыңға жуық азамат аттанған еді.

Өзгелердің жаңалығы