Шымкент тұрғындарымен денсаулық сақтау, білім беру және жастарды жұмыспен қамту мәселелері талқыланды

 Шымкент қаласының әкімдігі 10 Қараша 2026, 16:49
10 Қараша 2026, 16:49
74
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында бірқатар кездесу өтті. Жиындарға республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, медицина қызметкерлері, жастар мен этнос өкілдері қатысты.

Алғашқы жұмыс тобының құрамындағы Ұлттық құрылтайдың І шақырылым депутаты Б.М. Нарымбетов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Т. Дәулеталин және Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Джусипов Өзбек драма театрында Сайрам тұрғын алабының халқымен кездесті.

Шымкент қаласының әкімдігі

Басқосуда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері сөз болды. Б.М. Нарымбетов Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен қатар қоғамның белсенділігі мен әр азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.

Одан кейін делегация өкілдері қалалық перинаталдық орталықтың медицина қызметкерлерімен жүздесті. Кездесуде ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін нығайту мәселелері сөз болды. Бауыржан Джусипов саладағы негізгі міндет халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету екенін жеткізді.

Екінші жұмыс тобының өкілдері – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Ж. Тұяқбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Р. Парманов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ә.Р. Иманқұлов және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.М. Сыздықов «Қоғамдық келісім» ғимаратында этнос өкілдерімен кездесті. Жиында қоғамдық бірлік, этносаралық татулық пен азаматтық келісімді нығайту мәселелері ортаға салынды.

Шымкент қаласының әкімдігі

Сондай-ақ М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттермен кездесу өтті. Онда білім мен ғылымды дамыту, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы жөнінде пікір алмасты.

Кездесулер барысында қатысушылар Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мұндай ашық диалогтар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіруге және өңір тұрғындарының пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының әкімдігі
Наверх