Шымкент қаласында теміржол магистральді желісіндегі қауіпсіздік деңгейі 25%-ға жақсарды

30 Қаңтар 2024, 09:36
388
Бөлісу:
Шымкент қаласында теміржол магистральді желісіндегі қауіпсіздік деңгейі 25%-ға жақсарды
Фото: ҚТЖ

Шымкенттің теміржол магистральді желілерінде қауіпсіздік шаралары күшейе түсті. Теміржол шебінде еңбек етіп жүрген жұмысшылардың жағдайы да айтарлықтай жақсарған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Теміржолшыларға арналған заманауи модульдер салынды

Теміржол саласы мамандары айтып өткендей, қарапайым жұмысшылардың еңбек жағдайлары жақсарып, аймақта модульдік нысандар мен жылыну бекеттері ашылып жатыр. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін жұмысы жолмен байланысты желілік кәсіпорындар теміржолшыларының тұруы мен демалуына жылжымалы ғимараттар орнатылатынын мәлім еткен болатын. Осыны қамтамасыз ету мақсатында ел бойынша 132 модульдік нысан салынды. Жаңадан 1224 жылыну бекеті ашылды. Шымкенттің шалғай учаскелерінде еңбек ететіндерге арналған 3 модульдік үй мен 35 жылыну бекеті бой көтерді. 2023 жылдың соңына дейін республика бойынша осындай 132 ғимарат орнатылса, 2024 жылы 124 модуль пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Магистральді желі дирекциясы кәсіпорындарының қажеттілігіне қарай сыйымдылығы 8-ден 10 адамға дейінгі модульдер орнатылуда. Ғимараттардың қарапайымдылығына қарамастан, олар барлық қажетті инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек модуль жиһазбен, тұрмыстық техникамен, душ кабиналарымен және қиын климаттық жағдайларда да теміржолшылардың жайлы тұруы үшін қажет басқа да заттармен жабдықталған. Яғни, мұнда тазалық та, жылулық пен жайлылық та бар. Кей модульде бөлмелер бірнеше тұрғын аймақтарға бөлінген. Онда жатын бөлме, ас үй, жуынатын бөлме де қарастырылған.

 

Еңбек өтілі 10 жылдан асқан теміржол майталманы

Теміржол - қатаң тәртіпті талап ететін салалардың бірі. Ал мұндағы жолшылардың негізгі міндеті – жолдың сеніп тапсырылған бөлігін техникалық жарамды күйде ұстау, ақауларды уақытында анықтау және оларды жою бойынша шаралар қабылдау. Тәшенбай Әліқұловтың Шымкент қаласының теміржол саласында еңбек етіп жүргеніне он жылдан асқан. Тәжірибесі мол теміржол монтері еліміздегі жүгі ауыр, әрі жауапкершілігі көп жұмыстардың бірін атқарып жүр.

Ол пойыздың жылдам жүруіне жағдай жасауда жолдарды күтіп-ұстаудың маңызы зор екенін айтты.

Әрине, ең алдымен күтіп-ұстау жұмыстарының маңызы зор. Сонда ғана жол сапасы жақсарып, пойыздың жүру жылдамдығы артады, - деп атап өтті маман.

Тәшенбай Әліқұловтың сөзінше, Шымкент қаласының теміржол магистралды желісі жаңа техникамен қамтылған.

Жұмысқа кіріспес бұрын бәрін тексеріп шығамыз. Барлығын мұқият қараймыз. Жауапкершілігі бар жұмыс болғаннан кейін біздің міндетімізге сол жұмыстар кіреді. Магистральді желі жаңа инструмент, жаңа техникамен, жалпы барлық қажетті затпен қамтамасыз етілген. Бәрі бар, жеткілікті. Қысы-жазы, күннің ыстығы, суығы, мынандай жаңбыр, қарға қарамаймыз, - деді теміржол монтері.

Сондай-ақ Әліқұлов қажетті компания тарапынан киім-кешек берілетінін, жалақы да кешіктірілмей төленетінін айтты.

Уақтылы айлығымызды алып жатырмыз. Киімдерімізді де беріп тұрады. Премиямызды жыл сайын көтеріп жатыр, - деп түйіндеді маман.

 

Шымкенттің магистральді желісінде қанша қызметкер еңбек етеді?

Қазіргі уақытта Шымкент қаласы магистралды желісінде екі мыңға жуық адам қызмет етіп келеді. 2023 жылы теміржолшылардың арқасында қырық шақырымнан астам шойын жол күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар тағы 170 шақырымдай жол реконструкцияланады деп жоспарланып отыр.

Олардың күшімен Оңтүстік аймақтағы теміржол желісінің 40 шақырым жері күрделі жөндеуден өтті. 60-тан астам бағыттың бұрамасы жаңартылды, - деді сала мамандары.

Қатардағы қарапайым теміржолшылардың еңбегін оңтайландыру үшін жаңа жабдықтар, құрал-саймандар сатып алынды. Теміржол бойымен жолаушылар мен жүктердің еш кедергісіз тасымалдануы Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосып келеді. Бұл ретте теміржол мамандарының шалғай елді мекендерде үздіксіз қысы-жазы жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Шымкент қаласы магистралды желі бөлімшесі директорының орынбасары Жомарт Мырзабеков атағандай, 2023 жылы теміржол саласындағы қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көбейді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жол қауіпсіздігі 25 пайызға төмендеді. Жоспарымыз өте ауқымды. Алда тек қана теміржол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, біз жол қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын әрі қарай дамыта түсетін боламыз. Былтыр теміржолшылардың жалақысы 20 пайызға өскен. Осылайша, өндірістік қызметкерлердің орташа табысы республикалық деңгеймен салыстырғанда едәуір артып отыр, - деді қалалық магистралды желі бөлімшесі директорының орынбасары.

Айта кетейік, Шымкент магистральді желі бөлімшесіне қарасты темір жол желісінде жол қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жыл сайын жанданып келеді. Алдағы уақытта та аймақтағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстарымен қоса, техникалық базаны жаңарту жұмыстары жүргізіле береді. Бұрын білектің күшімен жасалатын рельсті бекіту жұмыстары қазір автоматты құралдың көмегімен атқарылады. Сонымен қатар желілік қызметкерлер жұмыс орындарына арнайы техникамен жеткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы