Шымкент қаласына алдағы 5 жылда 6 трлн теңгеге инвестиция тартылады

7 Желтоқсан 2023, 15:43
610
Бөлісу:
Шымкент қаласына алдағы 5 жылда 6 трлн теңгеге инвестиция тартылады
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғабит Сыздықбеков Шымкен қаласының дамуына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарға есеп берді. Соның ішінде қалаға тартылған инвестиция көлемін айтты.

Қала экономикасының өсу драйвері инвестициялық тартымдылық екені сөзсіз. Соңғы 4 жылда 1,5 трлн қаражат тартылып, көлемі 3 есеге артты. Алдағы 5 жылда 6 трлн теңгеге инвестиция тартуды көздеп отрымыз. Бұл тұрғыда жоспарларымыз да бар. Қазірдің өзінде 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық пулы жасақталды. Оның ішінде, басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында – 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге –594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 128 млрд теңге, ауылшаруашылығына – 363,9 млрд теңге жоспарланып отыр,-деді қала әкімі.

Шахарға инвестиция тартудың нәтижесінде 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.

Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынды. Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтарына инженерлік жүйелер тартылып, келер жылы қолданысқа берілетін болады. Одан бөлек, сауда-логистикалық орталықты кеңейту арқылы «Өңірлік хаб» құру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.Аталған индустриялық аймақтарды іске қосу арқылы, салықтық түсімдерді арттыру көзделуде, – деді Ғабит Сыздықбеков. 

Шымкент қаласының әкімі шағын және орта бизнестің өркендеуіне ерекше ден қойылып келе жатқанын, бүгінде кәсіпкерлерге бағытталған әртүрлі қолдау шаралары бар екенін де айтты.

Өзгелердің жаңалығы